Атыраулық тұрғындар базарлардағы тағамдардың қауіпсіздігін тексеруде (ФОТО)
Атыраудың Құлсары қаласындағы орталық базарда «Қауіпсіз тағам таңда» атты акция болып өтті. Оны аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы ұйымдастырды.
Мақсаты – сатылып жатқан тағамның сапасын анықтау. Басқармасының жетекші мамандары Жанар Төлеуішова мен Нұржамал Кулекенова тұрғындарды акцияның мақсатымен таныстырып, тағамдарын тексертіп алуға шақырды.
– Базарда өткізіп жатқан себебіміз – бұл жерге халық көп жиналады. Мұндай акциялар барлық сауда орындарында жалғасын табады. Акцияның негізгі міндеті – сатылатын тағам өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін арттыру, – дейді Ж.Төлеуішова.
Шара барысында сатушылар мен тұрғындар сатып тұрған өнімдері мен сатып алған тағамдарының сапасын анықтауға жедел сараптауды ақысыз түрде алды. Онда сүт өнімдерінің сапасы, ет өнімдерінің термиялық өңдеуінің деңгейі, балдың табиғилығы, бақша өнімдерінің құрамындағы нитрат, ет, шұжықтың микробиологиялық ластану мөлшері, сары май, маргарин, өсімдік майларының сапасы анықталды.
Перизат ЖАУЫНБАЙ