Атыраулық спортшы джи-джитсудан әлем чемпионы атанды
12-14 қазан күндері Чехияда джиу-джитсудың комбат түрінен әлем чемпионаты өтті. Сайысқа әлемнің 15 елінен 300-ге жуық спортшы қатысты.
Атырау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Тыныс Бисалиев аса ауыр салмақ дәрежесінде бақ сынап, әлем чемпионатының жеңімпазы атанды.
Жерлесіміз іріктеу кезеңінде жарыс қожайыны, чехиялық балуанды тізе бүктірген. Жартылай финалда Украина палуанын жарыс жолынан шығарса, ақтық сында польшалық спортшыны ұтты.
Тыныс Бисалиев 40 жасқа келсе де, 19–34 жас аралығындағы жігіттермен тартысып, жеңіске жетіп отыр.
Айта кету керек, Тыныс Атырау облысы тарихындағы джиу-джитсудың комбат түрінен әлем чемпионы атанған алғашқы спортшы. Ол былтыр ғана Бакуде өткен спорттық грэпплингтен ардагерлер арасындағы әлем чемпионатының чемпионы атанған еді.
«atyrauaqparat.kz»