Атыраулық каратэшілер үздіктер қатарынан табылды
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Көкшетау қаласында Кеңес Одағының батыры, қоғам қайраткері, жазушы Мәлік Ғабдуллиннің құрметіне «WKC» спорттық каратэ бойынша республикалық турнир өтті. Оған Атырау, Жамбыл, Қостанай, Батыс Қазақстан және Ақмола өңірлерінен 200 спортшы қатысты.
Алдымен, қатысушылар мен төрешілер үшін техникалық семинарлар ұйымдастырылды. Оларды әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, үшінші дан қара белдік иегері Венера Тұрғанова мен еліміздің спорттық каратэ федерациясының президенті Руслан Дүкембаев жүргізді. Оған Парламент Мәжілісінің депутаты, бірінші дан қара белдік иесі Жамбыл Ахметбеков те қатысты. Сондай-ақ, бапкерлер үшін психолог Эссет Кусиева тренинг өткізді.
Өз кезегінде, Атырау облыстық каратэ-до шотокан федерациясы және еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы, бесінші дан қара белдік иегері Ерікқали Қойшекеновтің жетекшілігіндегі «Жолбарыс» спорт клубының өкілдері, тәрбиеленушілері мен жаттықтырушылары қатысты. Олар жекелей де, топтық сайыста да бақ сынады.
Жарыс қорытындысымен, атыраулық Абат Әмірханов, Камил Жұмағалиев, Құдайберген Жұмабеков, Жәңгірхан Амангелді, Аңсаған Жұмабаева, Арлан Балмағамбетов, Бекзат Сайнов, Гүлназ Өсербай, Земфира Қапанова, Азиза Исабекова, Дарын Жағыпар, Айруз Балабеков, Зарина Асқарқызы, Ақбота Тілекқабыл, Мейірбек Мардан, Нұркен Жұбанышәлі, Қыдырәлі Тілекқабыл жүлдегерлер сапынан көрінді. Осы орайда, қатысушыларға қолдау танытқан аталған федерацияның ата-аналар комитетінің еңбегін де атамай кетуге болмас.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ