Атыраудың Мақат ауданында жастар форумы басталды (ФОТО)
Бүгін Мақат ауданында «Рухани жаңғыру – Жастар жолы!» тақырыбында облыстық жастар форумы басталды.
Облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Құспан Роллан Қабылұлы бастап, барлық аудандарынан келген делегация құрамын аудан әкімінің орынбасары Жандарбек Ғұмаров, ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәбит Халенов, Жастар ресурстық орталығының басшысы Айдана Балашева және ауданның бір топ белсенді жастары қарсы алды.
Форум жұмысы аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында күн тәртібіндегі жоспарлы шаралардың ұйымдастырылу барысымен таныстырудан басталды.
Мұнан соң ұйымдастырушылар ауданға келген қонақтарды газ өндірісі мекемесі Мақат желілік өндірістік басқармасына, құрылыс нысандарына, «Болашақ» балалар бақшасына экскурсиялық сапарларын ұйымдастырып, мұнайлы аудан тынысымен таныстырды.
Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында салтанат құрған форум тақырыбына сай пікірсайыс барысында «Жақтаушы» және «Даттаушы» топ өкілдері латын қаріпіне көшу –заман талабынан туындайтынын тілге тиек етіп, өзекті мәселені талқылады. Жастар өте зерек, белсенді, саяси ахуалға ден қоя білуімен пікірсайыстың өз деңгейінде өтуіне атсалысты.
Түстен кейін жалғасын тапқан форум жұмысы әулие, батыр «Байбақты ата» кесенесіне жастарды аудан ақсақалдары бастап тәу етуі, Доссордағы заманауи талапқа сай жарақтанған білім беру мекемелері – Мақат мұнай-газ технологиялық колледжі, О.Сарғұнанов атындағы орта мектеп ғимаратын аралап, өлкетану мұражайындағы жәдігерлермен танысуына мүмкіндік жасалды.
Сонымен қатар Б.Қанатбаев атындағы орта мектеп дәлізінде ұйымдастырылған қолөнершілер бұйымдары, жас өнертапқыштар, кәсіпкерлер жобалары жинақталған көрмемен танысу, «Брейн-ринг» инттеллектуалдық сайысы жастардың білімі мен рухани танымын кеңейтуге ықпалы зор шараның үлгісін көрсетпек.
Форумның жабылу салтанатына концерттік бағдарлама, қонақ кәде, марапаттау шаралары жоспарланып отыр.
Лена НҰРБАЕВА.