Атырауда жылу да, жарық та жеткілікті тұтынушылар оның игілігін көріп отыр
Атыраулық энергетиктер төл мерекесін атап өтті. Салтанатты шарада оларды облыс әкімі атынан оның орынбасары Тимуржан Шәкімов құттықтады. Бір топ еңбек ардагері мен өндіріс озаттары Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай мерекелік медальмен марапатталды.
Даму бағдарламасы – келешекке меже
Сөз жоқ, соңғы алты-жеті жылда жергілікті энергетиктер қол жеткізген қомақты табыс жұртшылықтың көз алдында. Әр үйдің электр және жылу энергияларымен сенімді қамтамасыз етілуі – осы уақытта инвестициялық бағдарламалардың жүйелі жүзеге асырылып, мәреге сәтті жеткізілуінің жемісі. Турасын айту керек, бүгінде жарыққа немесе жылуға жетімсіздік байқалатын пәтер жоқ. Ал, төл мерекесін тойлағалы отырған энергетиктер қысқы науқанға қалай дайындалды?
«Атырау-Жарық» акционерлік қоғамы Директорлар кеңесінің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері Оразғали Қаршегеновтің айтуынша, 2009-2016 жылдары жүргізілген жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде электр энергиясы қуатын 215 меговаттан 414-ке дейін көтеруге мүмкін болған. Ал, жылу энергиясы сағатына 169 гигакалорияға жетті. Осы уақытта 135 жаңа жұмыс орны ашылды. Жергілікті энергетиктер 2009 жылы Атырау жылу-электр орталығының төртінші кезегі Елбасымыздың қатысуымен қатарға қосылғанын ұмытқан жоқ. Бұл да меженің шегі емес. Алдағы 2017-2018 жылдары қуаты 60 меговаттық газ турбиналы қондырғыны пайдалануға беру жоспарланған.
Жалпы, еліміздің ширек ғасырлық тарихында атыраулық энергетиктер де даму сатысын бірге еңсерді. Осы уақытта электр энергиясын тарататын әуе және кабель желісінің ұзындығы 20 пайызға артты. Аталмыш мерзімде ұзындығы 430 шақырымдық желі тартылды. Соның нәтижесінде электр энергиясының өткізу қабілеті 53 пайызға өсті.
«Атырау-Жарық» акционерлік қоғамы 2013-2015 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасын аяқтады. Осы уақытта жүзеге асырылған маңызды шаралардың бірі – жіберілген электр энергиясы көлемі мен қуатының коммерциялық есебін автоматты түрде қадағалау жүйесі. Бұл электр энергиясын тарату барысында ықтимал шығындарды дер кезінде анықтап, шұғыл шара алуға мүмкіндік береді. Ұжымдағы 1853 адам осы мақсатқа жұмылған.
Бүгінде кәсіпорын 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған электр жүйесін дамыту бағдарламасын жүзеге асыруда. Ал, өткен мерзімде 10,35 және 110 киловольттық тарату қондырғылары толық жаңартылды. Олардың бәрі экологиялық таза және озат технология талаптарына жауап беретін жабдықтармен жарақтандырылды. Ток тарататын подстансаға көлденең кісілердің кіріп кетуін болдырмау үшін олардың бәріне темірбетон қоршаулары орнатылды. Еріген қар мен жаңбыр суына қарсы іргетастары биіктетілді. Жалпы, 2013-2016 жылдарға арналған жаңғырту жоспары бойынша 17 ТП/КТП-6,10/0,4 киловольттық подстансаларға толық күрделі жөндеу жасалды. Апаттық жағдайдағы және пайдалану қауіпсіздігіне жауап бермейтін қондырғылар қайта салынды. Осындай шаралардың нәтижесінде трансформаторлар қуаты 70 пайызға арттырылды. Кәсіпорын жаңа есептеу техникасын алды. Шағын автоматты телефон стансасының пайдалануға берілуі кезекші диспетчерлер жұмысын жеңілдетті. Жерасты кабель желісінің ақауын жедел анықтайтын жаңа жабдықтар да – жаңғырту шараларының жемісі.
Қорыта айтқанда, «Атырау-Жарық» акционерлік қоғамы жүзеге асырған инвестициялық бағдарламаның мақсаты – тұтынушыларды электр энергиясымен сенімді қамтамасыз ету. Сайып келгенде, аймақтың одан әрі қарқынды дамуына байланысты коммуналдық қызметтің осы түріне сұраныс та артуда. Демек, аталмыш мекеме межелеген биік көрсеткіш – кәсіпорынның қазір қол жеткізген толағай табысының бастауы. Яғни, түпкі нәтиже – электр желісінің апатсыз жұмыс жасауы және оның қуатын халыққа үзіліссіз жеткізу.
Күрделі жөндеу – күрмеулі істің шешімі
«Атырау жылу жүйелері» акционерлік қоғамы биылғы қысқы науқанға даярлық барысында 23 шараны жүзеге асыруды жоспарлаған-ды. «Уәде – орындалуымен құнды» дегендей, соның бәрі мерзімінде мәреге жеткізілді. Соның кейбірін ғана атап өтсек, 23,22 шақырымдық жылу жүйесі ауыстырылды, 30,8 км қаптама жаңартылды, 344 дана ысырма (задвижка) алмастырылды. «Тұрғын үй қалашығы» ықшамауданындағы 1500 метрлік тұрбаны жаңғырту нәтижесінде осы мекендегі пәтерлерді жылу энергиясымен қамту жақсарды. «Алмагүл» ықшамауданында о баста темір тұрбалармен тартылған жерасты желісі тұтастай полиэтилен құбырмен қайта жүргізілді. Мұндағы проблема – олардың жиі суға кетуі. Бұл кемшіліктің басты себебі – осы тұрғын үй кешенін жоспарлағанда жерасты суларының тым жақындығының ескерілмеуі. Енді, міне, пайдалануға берілгеніне онша көп уақыт өтпесе де, алмастыруға тура келді. Мұндай ахуал «Алмагүл-2» ықшамауданына да тән.
Жалпы, кәсіпорын жүзеге асырған күрделі жөндеу шараларының 70 пайызы ыстық су желісіне қатысты. Бұл ысытылған су құрамында оттегі мен тұзды қоспалардың көп мөлшерде болуына байланысты. Демек, оны тасымалдайтын тұрбалар тотығуға тез шалдығады және уақытынан бұрын істен шығады. Міне, сондықтан, оларды жоғары температураға да, сыртқы әсерге де төзімді пластикалық тұрбалармен ауыстыру – кәсіпорын алға қойған маңызды міндеттердің бірі. Бұл, сайып келгенде, келешекте күрделі жөндеуге жұмсалар қомақты қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді. Мәселен, үстіміздегі жылы ғана 3371 қума метр осындай жаңарту жүзеге асырылды. Келер жылы бұл көрсеткішті екі есе көбейту жоспарланған. Бұл ретте де көбіне о баста ыстық су желілерінің темір тұрбалармен тартылуы олардың уақыт өте тозуына соқтырып отыр.
Қысқаша айтқанда, «Атырау жылу желілері жүйесі» АҚ алдымыздағы қысқы науқанға дайын.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ.