Атырауда «Жылдың үздік кәсіпкері» анықталды (ФОТО)
Атыраудағы Салтанат сарайында облыстың кәсіпкерлері мен жұмыс берушілер одағы және «Атамекен» аймақтық кәсіпкерлер палатасы облыстық әкімдіктің қолдауымен дәстүрлі «Жыл кәсіпкері – 2017» конкурсының қорытындысын шығарып, үздік бизнес өкілдерін ұлығылауға арналған салтанатты рәсім өткізді. Оған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысты.
Мерекелік шараға жиналғандарды алдымен облыстық кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағының төрайымы Әлия Бекқожиева құттықтады. Биылғы «Жыл кәсіпкері» байқауының жеңімпаздарын ұлығылау рәсімінің өзі басшылық жасайтын құрылымның құрылғанына 20 жыл толуымен тұстас келіп отырғанын жеткізген Әлия Байжанқызы, содан бергі уақытта облыста кәсіпкерліктің әбден қалыптасып, аяғынан нық тұрғанын атап өтті.
Салтанатты кеште сөз алған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуында, халықты жұмыспен қамту, әлсіз топтарды қолдау, өнеркәсіптік және тұтыну тауарларын өндіруде қол жеткен қомақты табыстарда шағын және орта бизнес өкілдерінің де өзіндік үлес-еншісі барлығын айтты. Жылдан жылға кәсіпкерлік субъектілері мен оларда жұмыс жасайтындардың саны, өндірілетін өнім мен көрсетілетін қызмет көлемі артуда. Орташа есеппен алғанда, біздегі әрбір төртінші адам бизнес саласына тартылған болса, экономикалық белсенді халықтың 40 пайызын кәсіпкерлер құрайды.
Кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтіп, өрісін ұлғайтуға, сөйтіп белгілі бір іспен шұғылданушылардың қатарын көбейтуге Елбасының жыл сайынғы дәстүрлі Жолдаулары мен Ұлт жоспарындағы басымдық берілген бағыттар, «Нәтижелі жұмыспен қамту», «Бизнестің жол картасы – 2020», т.б. мемлекеттік бағдарламалары мен түрлі қолдау шараларының тигізер септігі мол.
Осыны айтқан Нұрлан Асқарұлы белгілі кәсіпкер Андрей Коровицинге Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасын тапсырды. Одан кейін жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, табысты еңбек етіп жүрген атыраулық кәсіпкерлердің бір тобына өз атынан жазылған Алғыс хаттарды табыстады. Одан әрі шара жыл үздіктерін таныстырып, марапаттау рәсіміне ұласты.
Осылайша, жеке кәсіпкер Абдолла Мирамбек «Жылдың үздік жас кәсіпкері», «Амангелді» ЖШС директоры Мұрат Әмірғалиев «Үздік ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші», «Таза бұлақ» жекеменшік балабақшасының меңгерушісі Сәуле Отарбаева «Балаларға арналған бизнес үздігі», «Алшын – Вест» ЖШС директоры Нұрлан Ерәлиев «Қызмет көрсету саласының үздігі», «Брандо» ЖШС жетекшісі Аслан Кабдуллин «Атырауда жасалған» номинациясының үздігі», жеке кәсіпкер Бақыт Ысқақова «Үздік кәсіпкер әйел» атанса, «Дана групп» компаниясының басшысы Талғат Бекенов «Жыл кәсіпкері – 2017» байқауының жеңімпазы деп танылды. Олардың бәріне арнайы дипломдар мен сыйлықтар табыс етілді.
Дәулетқали АРУЕВ
Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ