Атырауда жолдар мен үйлер жөнделеді
Ағымдағы жылы облыс орталығының 25 жеке тұрғын үй секторына асфальт жол салынып, табиғи газ құбыры тартылады, электр, ауыз су желісі және түнгі көше жарығы жүргізіледі. Бұған қоса, осы жылдың соңына дейін Атырау қаласында 21 көп қабатты үй тұрғызылып, пайдалануға беріледі.
Бұл туралы хабарлаған қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Өмірбек Қамаловтың айтуынша, биыл салынуы жоспарланған көп қабатты үйлердің құрылысы Ұлттық қор мен жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады. Нақтылай кетсек, бұл Береке мөлтекауданынан бой көтеретін 756 пәтерден тұратын 15 бес қабатты, Нұрсаядан салынатын бес қабатты 5 үй (255 пәтерге есептелген) және Балықшы кентіндегі 30 пәтерлік 5 қабатты бір үй болғалы отыр.
Сонымен қатар, инфрақұрылымдарды жаңғырту жұмыстары Балықшы ауылдық округіне қарасты Көкарна, Водников-2, Водников-3, Тасқала (Кеңөзек), Еркінқала-2, Балауса (Еркінқала), Өркен-2, Сарықамыс (Жұмыскер), Көктем, Жұлдыз-2, Жұлдыз-3 Талғайраң, Бесікті (Қайыршақты), Ақжар (Ақсай) елді мекендерінің көшелері мен жеке тұрғын үй секторы электр, газ, су құбырларымен, жолмен және жарықпен қамтамасыз етіледі.
Бұдан бөлек, 2017 жылы қаладағы ескірген 11 көп қабатты үйге күрделі жөндеу жүргізіліп, қайта жаңғыртылады. Бұған 462 млн. теңге көлемінде қаражат бағыттау белгіленген.
Дәулетқали ЛАТИФҰЛЫ.