Жарнама
ЖаңалықтарШаһар шырайы

Атырауда жұмыссыздар үшін жәрмеңке өтті

Кеше облыстық жұмыспен үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жергілікті тоғыз кәсіпорынның жұмыссыздарды тұрақты қызметпен қамтуы үшін бос орындар жәрмеңкесін өткізді. Оған екі қолға — бір күрек іздей келгендердің қарасы көп болды. Бірақ, үміткер алдымен іріктеу шарасына қатысуы тиіс.

ОПЕРАТОР мен ГЕОДЕЗИСТ КЕРЕК

Ұйымдастырушылар мұндай шараларға келушілердің де, қатысушы кәсіпорындардың да белсенділігі дәйім төмендемейтінін айтады. Бүгінгі жәрмеңкеге қала аумағында орналасқан тоғыз кәсіпорын мен мекеме  қатысып, 660 бос жұмыс орындарын ұсынып отыр. Сондай-ақ, шара барысында облыстық арнаулы оқу орны кәсіптік бағыттау бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Жәрмеңкеге арнайы келген  мекемелер мен ұйымдардың қызметкерлері жастарға  бос жұмыс орындары, оған  орналасу,  үміткерлерге қойылатын  талаптар туралы таныстырды.

Жұмыс берушілер арасында «Сенімді құрылыс» ЖШС-нен   келген  Тоқталхан Қабдылғазының айтуынша, өңірде  геодезия  маманы тапшы. Әсіресе, бұл салада жұмыс жасауға жастардың белсенділігі төмен. «Қазіргі таңда біздің мекемеге  автокөлік кранының жүргізушісі, оператор, геодезия  мамандары керек. Түйіндеме  тапсырғандардың арасында бұны меңгергендер жоқ. Жуырда облыста өткен осындай жәрмеңкеден бір адамды тұрақты жұмысқа алдық. Барымызша жергілікті мамандарды жұмыспен қамтуға тырысамыз» дейді ол.

Атырау  қаласының тұрғыны Самал Мұзақанованың  мамандығы бойынша жұмыс іздегеніне бір жылдан астам уақыт болған. Осы кезге дейін біраз мекеменің есігін тоздырыпты. Қалада өтетін барлық жұмыс жәрмеңкелеріне  тұрақты қатысатынын айтады. «Бала күтімінен кейін жұмыс іздеп жүрмін. Қазір жолдасымның айлығымен күнелтіп отырмыз. Түйіндеме тапсырған барлық мекемелер жұмыс тәжірибемді сұрайды. Мамандығым – экономист, жоғары оқу орнын тәмамдағанмын» дейді С.Мұзақанова.

Сіз не дейсіз?

Дина ӘБІШЕВА, облыстық жұмыспен үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы:

ЕРІНБЕГЕН АДАМҒА ЖҰМЫС БАР

  • Тоғыз мекемеден 660 адамға бос жұмыс орындарына сұраныс түсті. «Сайпем» компаниясымен үш адамға қайта даярлау курсына  сұраныс жіберілді. Ауылдық жерге алдын-ала мониторинг жұмыстарын толықтай жүргіздік.  Дамбы ауылдық округінің өзінде  141, Атырау ауылдық округінде 29 жұмыссыз бар екені анықталды. Бұлардың мамандықтарына қарай сұранысы жинақталды. Жәрмеңкенің қорытындысы он күннің ішінде белгілі болады. Себебі, жұмыс іздеушілер мекемелерге түйіндемелерін тапсырып, кейін сұхбаттасуға шақырылады.

 

Ұзақбай БАЙЗУЛЛИН,

Дамбы ауылдық округінің әкімі:

«АУЫЛДАС ҮШІН АЛАҢДАЙМЫЗ»

  • Округтегі жұмыссыздық мәселесі бізді алаңдатады.  Бұл жәрмеңкеге  200-дің үстінде ауыл тұрғыны қатысып, мамандықтары бойынша жұмыстарын тауып жатыр.

Абай Ақмұрзиев

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button