Атыраудағы теңіз жағасындағы ауылдардың тағы 52 тұрғыны тұрақты жұмыс тапты
Атырауда бос жұмыс орындары жәрмеңкесінен соң Исатай ауданының тағы 52 тұрғыны тұрақты жұмысқа орналасты. Бұған дейін аудандағы Жанбай, Зинеден ауылдарындағы 37 адамның жұмыс тапқаны хабарланған еді. Осылайша, екі жәрмеңке нәтижесінде 89 адам жұмыспен қамтылып отыр. Бұл Атырау облысы әкімдігінде өткен бүгінгі кезекті жұмыс отырысында белгілі болды.
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өткізген жиналыста облыстағы жұмыссыздық деңгейі сөз болды. Соның ішінде Жанбай, Зинеден ауылдарының тұрғындарын тұрақты жұмысқа орналастыру мәселесі айтылды.
Естеріңізге болса, сәуір айының басында заңсыз теңізге шығушылар мен құқық қорғау органдары арасында түсініспеушілік болған еді. Себебі, балық қорғаумен айналысатын инспекция су жануарының көбеюіне кедергі болмау үшін қозғалтқышының қуаты 20 аттың күшінен асатын қайықтарды теңізге шығармай қойды.
Жиналыста облыс әкімі Нұрлан Ноғаев балық “ауласамақ күн көре алмаймыз” дейтін тұрғындардың да бар екенін айтып, облыс тұрғындарына заңды еңбек етуге барлық жағдайды жасау қажеттігін баса айтты.
Баяндама жасаған Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Балдай Өтеғалиева Исатай ауданында өткізілген екінші бос жұмыс орындары жәрмеңкесінен кейін тағы 52 адамның тұрақты жұмысқа алынып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, бұл жолы 74 түйіндеме жиналған. Кейбір үміткерлер жұмыс беруші ұйымдастырған тестілеуден өте алмай қалса, кейбірінің мамандығы жоқ болғандықтан жұмысқа қабылданбаған. Әйтсе де, ондай тұрғындар үшін тегін білім беру курстарының бар екені айтылды.
Облыс әкімі жиын барысында басқа аудандарға да лайықты көңіл бөлу қажет екенін жеткізіп, бұл бағыттағы жұмысты үдетуді тапсырды.
Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, аймақта балық санын көбейту үшін жан-жақты жұмыс істеліп жатыр. Солардың қатарында Жайық және Қиғаш өзенін, «Ганюшкино» арнасын тереңдету жұмысы бар. Бұл балықтардың уылдырық шашуына қолайлы жағдай туғызып, су маржанының қыстайтын шұңқырларына жетуін оңайлата түспек. Жұмыс биыл үшінші тоқсанда басталады деп жоспарланған.