Жарнама
ЖаңалықтарМедицинаФОТОГАЛЕРЕЯ

Атыраудағы ойын-сауық орталығында денсаулық акциясы өтті (+ФОТО)

«Тамаша» ойын-сауық орталығында Атырау қалалық №5 емханасының ұйымдастыруымен «Болашаққа қадам» атты кең ауқымды денсаулық акциясы өтті.   

IMG_0269

Акция барысында тұрғындардың артериалды қан қысымы  өлшеніп, қан құрамындағы қант, холестерин деңгейі анықталды. Сонымен қатар, облыстағы қызылша ауруының эпидемиялық өршуіне байланысты ақхалаттылар акцияға қатысушыларға кеңінен түсінік берді.  Олар аурудың алғашқы белгілері, клиникалық көріністері, оның алдын алудың жолы – екпе алудың маңыздылығы туралы кеңінен айтты.

IMG_0270

«Бүгінде қызылшамен ауырып жатқандардың бірқатары – төрт жасқа дейінгі балалар. Ата-аналардың баласына екпе салдырудан бас тартудың салдары осындай жағдайға әкеліп соғуда. Аталған дерт ауа тамшыларымен таралатын жұқпа.  Сондықтан, жіті респираторлы ауруларға ұқсайтын белгілері бар. Алғашында дене қызуы көтеріліп, жөтел пайда болады. Көз жасаурап, мұрын ылғалданады. Бұл жағдай екі-үш күнге созылып,  кейін денеде анық қызыл бөртпелер шығады. Бастапқыда бөртпе бетте, құлақтың артында, сонан соң дененің барлық бөлігіне тарайды» деді аталған емхананың жалпы тәжірибе дәрігері Эльмира Қайыржанова.

IMG_0271

Сондай-ақ, акция аясында мамандар жұқпалы дерттің қауіптілігі туралы түсінік берді. Дәрігерлердің айтуынша,  ауру тек  науқас адамнан жұғады.  Вирус сыртқы ортаға сөйлегенде, түшкіргенде, жөтелгенде таралады.  Егер ауру асқынса, құлақтың, өкпенің, кеңірдектің, бронхының және ми қабығының  қабынуын тудырады. Ал, кез келген асқынудан науқас қайғылы жағдайға душар болуы мүмкін. Мұндай жағдайлардың алдын алып, қызылша ауруының салдарынан қорғанудың  ең сенімді кепілі – екпе салдыру. Бұл ретте вакцинация еліміздің Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес бір жастағы және алты жастағы балаларға салынады. Бүгінде аймақта аурудың алдын алуға бағытталған түсінік жұмыстары жүйелі жүргізілуде.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

IMG_0272

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button