Атыраудағы колледжде кәсіптік білім ағылшын тілінде беріледі
Отандық білім беру сапасын жақсарту үшін заман талабына сай ғылыми инновациялар қажет. Осы орайда Елбасы республика бойынша «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын жүзеге асыруды тапсырған болатын. Бүгінде бұл міндетті Атыраудағы «АРЕС Petrotechnic» жоғары техникалық колледжі мықтап қолға алған.
Халықаралық оқу-өндірістік талаптарға сай республикадағы алдыңғы қатарлы оқу орнында қазір еңбек нарығына қажетті мамандар даярлануда. Бір ерекшелігі, білім беру бағдарламасына жұмыс беруші ірі мекемелерден құрылған индустриалдық кеңес мүшелері де өз ұсыныстарын білдіріп, өзгерістер енгізе алады. Екіншіден, мұнай-газ өндірісінен бөлек, электр жүйелері, дәнекерлеуші, құбыр желісін монтаждаушы секілді бүгінгі күннің сұранысына ие мамандықтар да қосымша оқытылады.
«Техникалық және кәсіптік білім ағылшын тілінде берілуі тиіс. Бұл бағытта жұмыс берушілермен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Қазір колледжде 800-ге жуық жас білім алады. Барлық сабақ ағылшын тілінде өтеді. Жергілікті ұстаздармен қоса, канадалық оқытушылар да бар»,-дейді аталған оқу орнының басшысы Ермек Күзенбаев.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ