Атыраудағы аз қамтылған отбасынан шыққан 40 бала Италияда демалуда
Балалардың шетелге барып, демалулары үшін қажетті жолдаманы Атырау облыстық білім басқармасы қамтамасыз етуде, деп хабарлайды Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.
Италияның Чезенатико қаласында орналасқан жазғы демалысқа аттанған балаларды қамқоршылары мен достары шығарып салды. Балалардың жазғы демалыс күндері бұл жерде 3 шілдеге дейін жалғасады.
Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, «Шаңырақ» отбасылық типтегі балалар ауылының тәрбиеленушілеріне жеті билет берілген болса, 32 жолдама Атырау қалалық және аудандық білім беру бөлімдерінің қамқоршы және қамқорлықтағы балаларға, сондай-ақ, патронаттық тəрбиедегі балаларға, 1 жолдама №4 облыстық санаторлық-интернатының тәрбиеленушісіне ұснылған.
«Мен үшін биылғы жазғы демалысым өте қызықты болмақ. Бұл сапарда жаңа достар табамын, ағылшын тілін тереңірек меңгеріп, сәулет ескерткіштерін көретін боламын. Италиядағы ұмытылмас және әдемі орындарды көремін. Сапардан алған әсерім, өмір бойы есімде қалатын болады», — дейді Атырау қалалық № 12 орта мектептің оқушысы Əсемай Нұржігітова.
Хорлан Смадияр