Атыраудағы 300 науқасқа 3 дәрігер!
Облыста балалар аллергологы мамандары тым аз. Өңірге осындай 10 маман қажет болғанымен, бүгінде үш дәрігер ғана жұмыс жасайды. Демек, аймақтағы екі жүз мың бала үш-ақ аллергологтың көмегіне жүгінеді. Олар балалар пульмонологы болып екінші жұмыстарын да қоса атқаруға мәжбүр. Себебі, облыста бұл мамандық иелері атымен жоқ. Иә, жағдай солай…
Алаңдауға негіз бар. Өйткені, жыл сайын аталған дертке шалдыққан балалар саны артып отыр. Биыл дәрінің әсерінен туындаған аллергиялық «лайелла» дерті он айлық сәбидің өліміне әкеліп соқтырған болатын.
Аллергия маусымы басталды. Жас талғамайтын ауру тамыз, қыркүйек айларында да өрши түседі. ХХІ ғасырда ең көп тараған аурулардың біріне айналған аллергия балалар арасында да ушығып тұр. Жалпы, аллергиялық ауруларға шалдыққан нау-қастар не себепті көбеюде?
Бізбен тілдескен Тәрбие Елшібекова аллергиялық ауру түрлерінің шынымен де жасарып бара жатқанын жасырмады.
– Адам иммунитеті төмендегенде, шаң-тозаң, өсімдік, тағам, дәрі-дәрмектің, бояғыш заттардың денеге кері әсерінен аллергия пайда болады. Атыраудағы сырқат балалардың дені бронх демікпесі, аллергиялық есекжемге шалдыққан. Мәселен, соңғы бір айдың ішінде есекжеммен ауырған балалар саны артты. Оның да себебі жоқ емес. Ауырған балалардың барлығы қарбыз жегендерін айтып шағымданды. Ауруханамызға күніне кем дегенде үш бала осы ауру түрімен түсіп отыр. Атал-ған емдеу мекемесінің педиатрия бөлімінің күндізгі бөлімінде 15 балаға арналған орынның 10-ында аллергия дертіне шалдыққан балалар жатады. Сондай-ақ, бронх демікпесімен ауыратын балалар мемлекеттік тапсырыс бойынша тегін дәрілермен қамтылады. Алайда, дәрілердің уақытылы жеткі-зілмеуі науқастарға кешенді ем жүргізуге кедергі келтіруде, — деген Тәрбие Шеркешбайқызы аллергиялық ауру түрлерінің артуына экологиялық ахуалдың да әсер ететінін айтты.
Оның айтуынша, аллергия тұқым қуалайды. Ауаға тарайтын мұнай-газ өнімдерінің қалдықтары да әсер етеді. Сондай-ақ, дүкен сөрелерінде самсап тұратын қоспалары көп газдалған сусындар әлі дамып жетіле қоймаған жас организмді тез улайды. Алдымен мұрын-тыныс жолдарына әсер етіп, түшкіру мен жөтел пайда болып, аллергиялық реннит, коньюктивит, фарингит, бронх демікпесіне немесе тері ауруларына шалдықтырады.
Сондай-ақ, маусымдық аллергия, әсіресе, жаз мезгілінде шөптердің гүлдейтін уақытынан бастап маусым-қыркүйек айлары аралығында өрши түседі. Осы уақыт аралығында салқындатқыштан салқын тиіп, балалар пневманиялық ауруға шалдығып жатады. Аллергияға тап болған науқастың көзі жасаурап, мұрнынан су ағып, денесі қышиды. Кейбір кездері науқастың тынысы тарылып, өкпесі қысады, тіпті аллергиялық естен тану болуы да мүмкін. Мұндай кезде өздеріне аллергия деген диагноз қойып, дәрігерден бұрын дәріханаға жүгіретіндер көп. Сондықтан, дабыл қаққан дәрігер өз бетінше ем жүргізетіндерге ауруды ас-қындырып алмауды, сонымен бірге, балалар тамағына аса абай болуды ескертеді.
Мамандардың пікірінше, емдеу шараларының барлығы да медициналық мекемеде аллергологтардың бақылауымен өтуі тиіс. Әйтпесе, уақытша жеңілдік әкелетін күшті гормоналдық дәрілер (мәселен, «Називин», «Нафтазин») т.б. әсерінен адам ағзасы одан сайын тозып, ақыры дәріге үйреніп кетеді. Ауруды толық емдемесе, асқынып кетуі ықтимал.
Алайда, кадр тапшылығы мәселесін кім шешеді? Бүгінде, өңірдің денсаулық сақтау саласына 144 маман жетіспейді. Бұл мәселе жыл сайын көте-рілгенімен, әлі де шешімін тап-қан жоқ. Ал, ауру болса асқынып барады…
P.S. Мұрынның бітелуі, көздің қызаруы немесе дененің бөрітуі. Аурудың алғашқы белгілерін байқасаңыз, дереу дәрігерге көрінгеніңіз абзал. Себебі, ауырғаннан гөрі, ауырмаудың жолын іздеу әлдеқайда тиімдірек. Ал, аллергиясы бар адамдарға мамандар күніне бір грамм С дәруменімен, құрамында ақуыз, май, көмірсутегі бар тағамдарды қабылдап, бөлмені желдетіп, ауасын жиі тазартып тұруға, ортақ заттарды пайдаланбауға кеңес береді.
Мәлике МӘЛІК.