Жарнама
ЖаңалықтарШаһар шырайы

Атырауда тұрған Тудаков кім? (ФОТО)

Тудаков деген кім? Алдымен, осыған тоқталар болсақ, Тудаковтар әулеті – шамамен, 1830 жылы Гурьев жеріне келіп қоныстанған казактар. Тудаковтың есімі сол кезде ең ауқатты әулет ретінде танылған.

туд

«Түрік кемесімен» келген дәулет

Федот Тудаковтың байлығына байланысты қызықты аңыз бар. Саудагердің әкесі Иван Тудаков кезінде орыс-түрік соғысына қатысқан. Орыстар жеңген ірі ұрыстардың бірінен кейін ол соғыстан өте бай адам болып оралыпты. Аңыз бойынша, ол Қара теңіз суына батып кеткен алтынды тасымалдаған түрік кемесін тауып алады. Кейін ұлы Ф.Тудаков саудасын сәтті жүргізіп, кәсіпшілікке ие болып, әкесінің мұрасын арттыра түсіпті. Балық аулап, мал шаруашылығын дамытқан. Кезінде Гурьевтегі ең еңселі ғимарат Тудаковтың үйі болған көрінеді. Қаланың географиялық аумағына қарап, ойластырылып салынған үйдің жертөлесіне ешқашан су жиналмайды, дымқыл тартпайды екен. Өйткені, онда отбасының бағалы заттары, алтындары жиналып тұрыпты. Халыққа пайдалы іс жасауға талаптанған Федот қаланың қақ ортасынан Успен шіркеуін салып,  халықтың  алғысын  алыпты.  1920 жылғы облыстық архивтегі құжат бойынша, Тудаковтар үйі бұрынғы  Пугачев  және Революционный көшесінің қиылысында орналасқан. Қос қабатты үйдің жоғарғы бөлігінде алты бөлме, төменінде бес  бөлме бар. Үйдің қабырғалары сапалы ағаштан жасалған. Ауласында үлкен шатыр болған.

коне1

Людмила мен Иринаның әңгімесі

Бүгінде Тудаковтар әулетінің ұрпақтары шетелде тұрады. Олар атыраулық өлкетанушылармен әркез байланысып отырады. Успен соборын салған көпес Федот Тудаковтың ұрпақтары Парижде тұрса да, Атыраудағы өлкетанушыларға фотосуреттер жолдап тұруды дағдыға айналдырған. Үнемі сәлемін жеткізіп, хат жолдайды. Сондай хаттың біріне назар аударайық.

Апалы-сіңлілі Людмила мен Ирина эмиграция кезінде дүниеге келген. Бірақ, орыс тілін жетік біледі, тіпті, Кеңес Одағына әлденеше рет келген. Рас, оларға туған жеріндей болған Гурьевке келуге рұқсат бермеген. Ал, оларды Кеңес дәуірінде Гурьевке неге жібермеген? Мұны апалы-сіңлілер әлі күнге дейін білмейді.

Бүгінде араларын едәуір қашықтық бөліп жатқан адамдардың араласып тұруына ғаламтор жол ашып отыр. Апалы-сіңлілердің айтуынша, Тудаковтар отбасының Францияға кетуінің өзі үлкен тарих. Людмила мен Ирина – Федот Тудаковтың немересі Вера Тудакованың балалары. Людмила 1937 жылы, Ирина үш жылдан соң дүниеге келген. Революция жылдарындағы сұрапылды, отбасыларының тарихы туралы олар бала кезден-ақ ересектерден естіген. Там-тұмдап жиналған бүкіл мәліметті көзінің қарашығындай сақтап, Тудаковтардың тарихына қатысты нәрсенің бәріне қызығушылық танытады екен.

Людмила Ренардың әңгімелеуінше, олардың бабалары Ресейге Парсы елінен жеткен. Ресейде қалу үшін және үндестік болу үшін оған анағұрлым орыс есімі қажет болады. Оған «тудак» деген үлкен құс ұнап қалады. Осыдан келіп Тудаковтар тегі таралады. Олардың бабалары казак екен және жерге құқықтары болған. 1773-1775 жылдары Шаруалар соғысы кезінде Тудаковтар Гурьевті мекендеген. Федот Иванович Тудаковтың әкесі – Иван Тудаков (біздің кейіпкерлеріміздің арғы атасының әкесі) орыс-түрік соғысына қатысқан. Федот Иванович Тудаков (арғы атасы) – Иван Тудаковтың үлкен ұлы, одан кейін Василий, Осип, Павел, Георгий деген ұлдары болады. Олар араласып тұрды ма, жоқ па, оны Людмила білмейді. Тек Федоттың көпес болып, балық сатқаны, көп сиыры мен жылқысы, қойы болғаны, түйе де ұстағаны белгілі. Балық пен малды Оралға сатып, сол жақтан түрлі тауар әкелген. Ол атақты, беделді адам болған. Іскерлігімен көзге түскен, серіктестерінің арасында табанды мінезімен даңқы шыққан. Бірақ, мейірімді болған екен. Сөзін берік ұстаған, уәде берді ме, соны орындайды екен. Бұл мінезі оның ұрпақтарына да дарыған.

86 - 1910

Он жыл салынған шіркеу

1886 жылы Федот Тудаков Гурьевте Успен Құдай ана храмын салады. Оның әйелі Ирина Емельяновна құрылысшыларға түскі ас әзірлеген. Шіркеуді ондаған жыл бойы тұрғызған, өйткені, қыста құрылыс уақытша тоқтатылатын. Ол өз қаржысына түрменің бұрынғы ғимараты (кейіннен полиция мекемесі болды) мен бас пошта ғимаратын салды.

Федот Иванович Тудаков пен Ирина Эмельяновнаның Анфиса және Иван есімді екі баласы болған. Анфиса Федотовна жүзбасы Михаил Поликарповпен бас қосқан. Иван Федотович (Людмила мен Иринаның атасы) Мария Ивановна Шабаеваға (әжесі) – Ольга Семёновна Субботина-Шабаеваның қызына үйленген. Ал, Субботиндер Самараның дворян тегінен шыққан.

Иван Федотович Тудаковтың отбасы қазіргі «Орал» мейрамханасы орналасқан үйде тұрған (оның бір бөлігі күрелген – үй Пугачев көшесіне шығып тұрды). Кейіннен бір кездері ҚазНИГРИ институтының зертханасы орналасқан қарсы үйде Анфиса Федотовна мен Михаил Поликарпов қоныстанған. Одан кейін Федот Иванович Тудаков пен Ирина Эмельяновнаның, одан соң Богуцкийлердің (1915 жылы Елена Тудакова Ф.Богуцкийге тұрмысқа шыққан)отбасы мекен еткен. Сол кварталдың барлығы Тудаковтарға тиесілі болды. Татьяна Тудакова-Брысинa жақын жерде, Астрахан көшесінде тұрған. Төңкеріс кезінде отбасындағы үйлердің бірінде милиция орналастырылған.

Федот Иванович Тудаков 1914 жылы, оның әйелі Иринa Эмельяновнa 1917 жылы қайтыс болады. Атасы Иван Федотович Тудаков 1908 жылы Мәскеудегі ауруханада көз жұмған. Арғы әжесі Ольга Семёновна Субботина 1918 жылы өмірден өткен. Ол Ставропольде өзі қолдау көрсеткен Раковский монастырына жерленген. Людмила мен Иринаның нағашысы Федот Иванович (Иван Федотович Тудаковтың ұлы) 30-шы жылдардың басында тұтқынға алынып, бүкіл мүлігі тәркіленген.

57

Гурьевтен қашан көшкен?

1919-1920 жылдары Федот Ивановичтен өзге Тудаковтар отбасы Гурьевтен кетіп қалады. Алдымен, Мария Ивановна Шабаева-Тудакова қаладан кетеді. Олар Астрахан – Тихорецк – Ростов – Екатеринодар – Новороссийск бағытымен жүреді.

Сөйтіп, Тудаковтар отбасы шетелдерде тұрақтай бастайды. Жаңа өмірге  бейімделеді. Әркім жағдайына қарай орналасты. Зауыттарда, шеберханаларда жұмыс істеді, шәркейлер тоқыды.

Францияда тұратын Федот Тудаковтың шөберелері Людмила Ренар мен Ирина Шеп пансионда білім алды. Олар орыстар ортасында өмір сүрді, орыс әдет-ғұрпын сақтады. Француз мектептерінде оқыса да, үйлерінде орысша сөйледі. Кейін Людмила шіркеу-приход мектебіне жауапты тұлға және Нормандияның жазғы балалар лагерінің директоры болды. Оның күйеуі француздың сауда өкілі еді, 2013 жылы көз жұмды. Ұлы Павел кәсіпкер, құрылыс саласында жұмыс жасайды. Ирина «Іздеу қызметінің ақпараттық институтын» бітірген. Есептеу жүйелері өндірілетін фирмада жұмыс істеген. Ол да инженер французға тұрмысқа шыққан. Екі баласы бар. Үлкені Наталья лицейде ағылшын тілінен сабақ береді. Ұлы Петр – студент, ол да орыс тілінде сөйлейді. Немерелері француз, ағылшын тілдерінде еркін әңгімелеседі.

Нұргүл Ысмағұлова

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button