Атырауда сурдо-онлайн қызметі іске қосылды
Атырауда сурдо-онлайн қызметі іске қосылды. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-конференциясында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес АҚ Атырау облысы бойынша филиалы «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінің басшысы Тұрлан Нұржанов мәлім етті.
«Бұған дейін естімейтін, сөйлей алмайтын мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін, Халыққа қызмет көрсету орталығының әр бөлімінен екі маманға сурдоаударма тілін үйреткен болатынбыз. Сәуір айынан бастап, сурдо-онлайнның көмегімен мүмкіндік тіптен артты. Мұндай категориядағы азаматқа енді кез-келген маман қызмет көрсете алады. Ол үшін әр бөлімде арнайы терезе орнатылған. Маманның міндеті қызмет алушыны Астана қаласында байланыста отырған операторға қосу. Оператор мен келуші өзара сөйлесе береді, ал жергілікті маман Астанада байланыста отырған оператордың дауысы арқылы, қандай қызметке қажеттілік туғанын біліп отырады» деп атап өтті спикер.
Аталмыш департамент тарапынан есепті мерзімде халыққа 420 291 қызмет көрсетілді. Оның 287 442-сі, яғни 68%-ы электронды түрде жүзеге асырылған.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.