Атырауда отбасы күнінде отбасылық ансамбльдер концерт қойды (ФОТО)
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың өткен жылғы Жарлығымен қыркүйек айының екінші жексенбісі күні – Отбасы күні болып белгіленген болатын. Осы мерекеге орай Исатай-Махамбет алаңында «Отбасы – өмір аясы» атты облыстық фестиваль ұйымдастырылды.
Аталмыш іс-шара өңірдегі отбасы институты деңгейін көтеру, отбасын мәдени және қоғамдық қызметке белсенді араластыруға арналған болатын.
Сонымен, бұл концертте ауданннан өнерлі отбасылар – Қызылқоға ауданынан келген Есенғалиевтар, Мақат ауданы Елубаевтар, Жылыой ауданынан Қоңыровтар, Махамбет ауданы Жайлашевтар, Исатай ауданының Бермағамбетовтер, Құрманғазы ауданының Нарешовтер отбасылық ансамблі ән айтып, биледі.
Шара соңында облыстық халық шығармашылығы орталығының басшысы Бақытбек Сартбаев жиналғандарды мерекемен құттықтап, концертке қатысқан барлық отбасыларға алғыс білдірді. Оларға алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етті.
Абай АҚМҰРЗИЕВ.
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.