Атырауда ономастика комиссиясының кезекті мәжілісі өтті
Атырау облысы әкімдігінің мәжіліс залында облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиевтің төрағалығымен облыстық ономастика комиссиясының кезекті мәжілісі өтті. Мәжіліс жұмысына комиссия мүшелері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Комиссия отырысында облыстық Тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Әсия Қыстаубаева хабарлама жасады. Ол өз сөзінде бекітілген тәртіппен көшелер мен елді мекенге атау беру бойынша ұсыныстар облыстық ономастика комиссиясына келіп түскенін, нақтылар болсақ, Жылыой ауданы, Құлсары қаласынан — 113, Мақат ауданынан 38 ұсыныс келгенін жеткізді.
«Биыл жергілікті атқарушы органдарға берілген тапсырмада объектілерге, әкімшілік-аумақтық бірліктерге және олардың құрамдас бөліктеріне (көшелер, даңғылдар, саябақтар және т.б.) кісі есімдерін беруге барынша шектеу қойылып, жалпыұлттық деңгейде танылмаған тұлғалар есімдерін беруге жол берілмейтіндігі, бұл тапсырманы барлық деңгейдегі органдар қатаң ұстану қажеттігі ескертілген болатын. Сондай-ақ, ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының тапсырмасында да осы мәселеге үлкен көңіл бөлініп отыр. Алайда, бүкіл ел аумағында идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды өзгерту бағытында біраз жұмыс қолға алынды. Ал, құрамдас бөліктерге қазақы жер-су атауларын беру, идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды жаңғырту, айшықты атаулар беру жалғасатын болады»,-деді Әсия Баянқызы.
Комиссия мүшелері ұсынылған атаулардың мәні мен мазмұнына, негізгі тарихи атауына көбірек мән беру керектігін, жеке тұлға болса, оның ел үшін, халық үшін сіңірген еңбегіне мейлінше көңіл бөлу қажеттігін бөле-жара айтты. Көшелерге неғұрлым қысқа да нұсқа атаулардың келіңкірейтінін, мәселен: «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы көшесі» деудің орнына, «Тәуелсіздік көшесі» деудің дұрысырақ болатынын бірауыздан құптады. Олар көшеге, болмаса елді мекендерге атау беру оңай жұмыс емес, мұның кейінгі ұрпақ алдында жауапты іс екенін айтып, асығыстыққа бармай, көптің ойынан шығатын шешім қабылдайық деген ортақ байламға келді. Сол себепті де аудандардан келіп түскен «Ұршық», «Текемет», «Қызғалдақ» деген ұсыныстар қабылданбай қалды.
Лиза СЕЙТІМОВА
Фото bilim-all.kz сайтынан алынған
Құрметті,Атырау облысының ономастика комиссиясыеың төрағасы!
Менің нағашы атам Шахаров Смадияр 1917 жылы бұрынғы Гурьев облысы ,Промсоль селосында дүниеге келген.1938 жылы армия қатарына алынып,кейін Фин соғысына қатысып,ерлігімен көзге түседі.1941 жылы Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып,1946 жылы ауылға аман-есен оралады.1985 жылы алмаздай өткір,темірдей қатты бабам дүниеден озады.Зайыбы-Шахарова Балдай 1929 жылы дүниеге келген.Тыл жұмыстарына қатысқан.Елбасының жарлығымен тылға қатысқаны үшін орденмен марапатталады.2019 жылы Балдай әжеміз өмірден өтеді.Смадияр атамыз соғыстан кейін өмірінің соңына дейін мұнай саласында қызмет етіп,елге елеулі еңбек етеді.Жан-жақты тұлға қоғамдық жұмыстарға да атсалысады. «Ленин 100 жылдық» медалімен марапатталған.Соғыс жылдары 11 медаль және Ұлы Отан соғысының орденімен марапатқа ие болған.Жылыой аудандық ономастика комиссиясынан құжаттары өтіп,Атырау обылыстық ономастика комиссиясына жіберіледі.Алайда ол жерден кері ешқандай жауап келмейді.Ұлы Отан соғысының 75 жылдығына орай атама көшенің берілуін сұраймын.Мен батыр бабамның ұрпағы екенімді мақтан тұтамын.
«Соғысып талай батырларым ел үшін,
Тыным таппай келешек үшін,жер үшін.
«Тәуелсіздік таңы атты»,сен түсін,
Естимісің осының бәрі сен үшін!!»,дей келе,осындай батыр тұлғаның еңбегі еленсе екен деймін!!!