Жарнама
ЖаңалықтарШаһар шырайы

Атырауда «Мерейлі отбасы – 2017» ұлттық байқауының үздіктері анықталды

Отбасы институтын нығайту, қоғамдағы құндылығын дәріптеу, мерейлі де сыйлы жанұяларды үлгі-өнеге ету мақсатында жыл сайын «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының өтуі жарасымды дәстүрге айналды. Биыл төртінші рет ұйымдасты-рылған аймақтық шара жоғары дәрежеде өтті. Аудандық, қалалық байқауларға қатысқан 32 әулеттің ішінен өнегелі, үлгілі шаңырақ атанған 14 отбасы облыстық кезеңде сынға түсті. 

ұядан – ұлағат Жұмағазиевтар

Өткен жұмада Салтанат сарайында өткен қорытындылау шарасына облыс әкімінің орынбасарлары Әлібек Нәутиев пен облыс әкімі  жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрайымы Айгүл Әжіғалиева қатысып, мерейі тасып, шаңырағы шаттыққа толы әулет иелерін марапаттады.

– Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген қанатты сөз бар. Барлық тәрбие отбасынан басталады. Мемлекетіміз – қарыштап дамып, болашаққа үлкен мақсаттар қойған ел. Бұл мақсаттарға жету үшін айналасына үлгі болып отырған мерейлі отбасылардың қоғамды тәрбиелеуде маңызы ерекше.  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев рухани жаңғыру жөніндегі мақаласында да ұлттық құндылықтарды санаға сіңіру қажет-тігін баса айтты. Осы орайда ана мен бала саулығы, басқа да мәселелерге қатысты жүзеге асып жатқан мемлекеттік бағдарламалар әлі де жалғасын табады. Соның бірі – келесі жылдан бастап дүниеге келген сәбиге берілетін  жәрдемақы көлемінің өсуі,-деді облыс әкімінің орынбасары Әлібек Ибатоллаұлы.

Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Злиха Таласбекованың айтуынша, жалпы облыста өткен (аудандық, қалалық) байқауларға 97 отбасы қатысқан. Тапсырылған құжаттар облыстық комиссия отырысында қаралып, зерделенген.

ұядан – ұлағат Асабаевтар

– Мұнда әр отбасының жеткен жетістігі сарапқа салынды. Бұл байқауды өткізудің арнайы талаптары бар. Ол – жанұясында сот-талған адамның болмауы, ұрпағы Қазақстанды мекен етуі, жұмыс жасауы, еліміздің экономикасын дамытуға атсалысуы және тағы басқалар. Облыстық байқауға іріктелген 14 отбасының ішінен жетеуі үздік ретінде танылды, яғни, жүлделі орындарды иемденді,-дейді басқарма басшысының міндетін атқарушы.

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының аймақтық кезеңінде бағы жанып, барлық талапқа сай келген  жылыойлық Асабаевтар және исатайлық Жұмағазиевтар әулеттері І орынды жеңіп алды. Сондай-ақ, олар Қостанай қаласындағы «Сосновый бор» шипажайына және байқаудың республикалық кезеңіне жолдамаларды ұтып алды.

Сексен екі жастағы Кісенбай Асабаев – Атырау облысының Құрметті азаматы. Социалистік Еңбек Ері, екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту», «Ленин» ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталған. Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақ КСР еңбек сіңірген ауылшаруашылық қызметкері, Қазақ КСР Жоғары кеңесінің депутаты, Қазақстан Республикасының «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісінің иегері.

ұядан – ұлағат Әжіғалиевтер

Жұбайы Дәметкен Асабаева – мал шаруашылығының ыстық-суығын бірге бөліскен «Батыр ана», «Алтын алқа» иегері.   Бүгінгі таңда төрт ұл, жеті қызды тәрбиелеп, 41 немере, 26 шөбере сүйіп отыр.

Ал, исатайлық Жұмағазиевтар әулеті ұстаздық мамандықтың иелері ретінде көпшілікке танымал. Елу   жылға жуық ғұмырын білім беру саласына арнаған отағасы Закария Жұмағазиевтің «Ерен еңбегі үшін», «Қазақ КСР-нің халық ағарту ісінің үздігі», «Аға мұғалім» сияқты бірнеше марапаты бар.  Жұбайы Тотанмен бес ұл, тоғыз қыз тәрбиелеп, 51 немереден он төрт шөбере сүйген бақытты отбасы. Мерейлі жанұяның 10 баласы мен үш немересі ата жолын қуып, ұстаздық мамандығын таңдапты.

Байқаудың ІІ орын иегерлерін марапаттаған Атырау облысының Құрметті азаматы, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Мұрат Өтешев бұл шара аймақ мерейін асырды деп бағалады.

ұядан – ұлағат Имашевтар

– Бүгін өңіріміздегі үлгі тұтарлық отбасыларды ұлықтап жатырмыз. Сондықтан, бүгінгі күнді облыс мерейі асып-тасқан мереке деп бағалауға болады. «Отан отбасынан басталады» деген қанатты сөздің өзінде терең мағына бар. Елімізде осындай мерейлі отбасылар көп болса, жетістіктеріміз де басым болары сөзсіз, — деп облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы ІІ орын иегерлері атыраулық Әжіғалиевтер және махамбеттік Қуанышевтар отбасыларын облыс әкімінің грамотасымен марапаттап, тоңа-зытқышты сыйға тартты.

Махамбет ауданының Құрметті азаматы, «Қазақ ССР білім беру ісінің үздігі» Сұлташ Қуанышев – 82 жаста. Балалық шағы Ұлы Отан соғысы және соғыстан кейінгі жылдармен тұспа-тұс келген. Жұбайы Камалия Байсарымова екеуі өмірге алты ұрпақ әкеліп, қазіргі уақытта тоғыз немере-жиен сүйіп отыр.

Ал, Насимолла Әжіғалиев 1994 жылы зейнеткерлікке шықса да, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып келеді. Жары Айжан Әбуғалиева – «Алтын алқа» иегері. Ардақты ата мен әже бүгінгі күні жеті баладан тараған 15 немере-жиен, бір шөбере, екі жиеншардың қызығына кенелуде.

ұядан – ұлағат Қуанышевтар

Байқаудың ІІІ орын иегерлері Шарғабаевтар (Жылыой), Имашевтар (Қызылқоға) және Оразәлиевтер (Мақат) әулеттерін облыстық мәслихат депутаты, «Атырау облысы кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағы» бірлес-тігінің, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрайымы Әлия Бекқожиева марапаттап, мұздатқышты сыйлады.

Құлсары автобазасында жүргізуші болып жұмыс істеген Сағынбай Шарғабаев кейін шопандық еңбегін бастады. Облыстық энциклопедияға еніп, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Отанасы, «Алтын алқа» иегері Бәтима Төлебаевамен 11 бала тәрбиелеп, отыз немересін сүйген ата-әже атанды. Ал, әулеттің ұрпақтары әртүрлі салада біліктіліктерімен көзге түсіп, ел дамуына сүбелі үлес қосып жүр.

Қызылқоға ауданынан келген Имашевтар әулеті де – өңірге белгілі  ұлағатты жанұя. Электр энергиясымен жабдықтау саласында қырық жылдай еңбек еткен отағасы Қуанғали Имашев зейнеткерлікке шыққан. Жұбайы Ағиба Досқали – «Күміс алқа» иегері. Олардан өрбіген төрт ұл мен екі қыздан 14 немере-жиен және бір жиеншар тарады.

ұядан – ұлағат Оразәлиевтер

Мұнай саласында еңбек еткен Наурызбай Оразәлиев 48 жасында ұзаққа созылған ауыр науқастан қайтыс болды. Отанасы Дәмен Алтаева артында қалған екі ұл мен екі қызын аяққа тұрғызып қана қоймай, ұрпақ тәрбиелеу ісіне де өз үлесін қосты. Оның еңбегі бағаланып, «Қазақстанның білім беру ісінің озық қызметкері» төсбелгісіне ие болды. Қазір тоғыз немере-жиеннің және бір шөберенің әжесі атанып отыр.

Облыстық кезеңге қатысып, белсенділік танытқан Достановтар (Атырау),          Азановтар (Индер), Ғибатуллиндер (Исатай), Харесовтер (Құрманғазы), Ерекеновтер (Қызылқоға), Мұханғалиевтер (Мақат), Қанатовтар (Махамбет) әулеттерін об- лыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов пен Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Гүлмира Шәкірова облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттап, автоматты кір жуғыш техниканы тарту етті.

ұядан – ұлағат Шарғабаевтар

Закария ЖҰМАҒАЗИЕВ, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы облыстық кезеңінің жеңімпазы:

БІР  ӘУЛЕТТЕН – 23  ҰСТАЗ

– Бұл байқау халықтың санасына ұлттық салтымызды, отбасы құндылығын сіңіруде үлкен рөл атқарады. Елбасы өз мақаласында осы уақытқа дейін дәріптелмей, жойылып қалған құндылықтарымызды жаңғыртуды тапсырды. Яғни, балаларға да сондай тәрбие беріледі. Бұл – игі қадам.

Елу жылға жуық білім беру саласында математика, физика пәндерінен оқушыларға білім бердім. Нарын құмының барлық мектебінде қызмет етіп, Жанбай ауылындағы Х.Нәубетов атындағы орта мектебінен зейнеткерлікке шықтым. Әкем де ұстаздық еткен еді. Әулетімізден 23 мұғалім шықты. Сондықтан, бізді ұстаздар династиясы деп атайды.

Кісенбай АСАБАЕВ, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы облыстық кезеңінің жеңімпазы:

ҮЛГІЛІ  ЖАНҰЯ – ҚОҒАМ  ТІРЕГІ

– Өлкемізде шаттығы тасып, мерейі асқан отбасылар көп екен. Бүгін бізді жеңімпаз ретінде марапаттаған жергілікті басшыларға алғысымыз шексіз.

Шопандық қызметті 1964 жылы бастадым. Сол жылдары жеті жүздей еділбай  қойын бақтық. Төл алудан кеңшарымыз жақсы көрсеткішке жетіп, бір жылдан соң «Еңбек Қызыл Ту» орденін иелендім. Зейнет жасына шыққан соң «таяғымды» ұлыма беріп, өзім де қолғабыс еттім.

Қазір жеке шаруашылығымызда жүз елудей қой бар. Кәсібімді ұлым жалғастырып келеді.

P.S. Биыл конкурста бақ сынағандардың саны өткен жылдарға қарағанда басым екендігін айта кеткен жөн. Соның ішінде, әсіресе, ауылдардан қатысқан отбасылар көбейіп отырғаны қуантады. Осы байқауға қатысушы отбасылардың әр мүшесі – өз ауылдастарының, қала тұрғындарының, ұжымы мен көршілерінің арасында ерекше құрметке ие жандар, елге адал қызмет етіп жүрген еңбек майталмандары. Олардың басты ұстанымы – шынайы отансүйгіштік, рухани адамгершілік қасиеттер, білімге құштарлық және еңбексүйгіштік.

Айгүл ЕРТІЛЕУ

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button