Атырауда мемлекеттік орган мен ҮЕҰ арасында байланыс орнататын азаматтық орталық ашылды
Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесті. Үш сағатқа созылған шарада мемлекеттік органдардың ҮЕҰ-мен өзара әрекеті мәселесі талқыланды, деп хабарлайды Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.
Қазір облыста 120-дан астам үкіметтік емес ұйым белсенді жұмыс істейді. Кездесуде қоғамдағы маңызды мәселелерді шешуге үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін тарту жайы сөз қозғалды. ҮЕҰ өкілдері облыста азаматтық қоғам институтын дамыту мен қолдау бағытында жүргізілген шаралар туралы баяндады. Қоғамдық ұйымдардың өкілдерін экология, цифрландыру, ұлттық құндылықтарды сақтау, білім беруді дамыту мәселелері толғандырды.
Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев азаматтық қоғам институты өкілдерінің аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын жақсарту жайлы барлық тілектері мен ұсыныстарын тыңдады. Ашық диалог барысында ҮЕҰ жұмыстарындағы проблемалар, мақсаттар мен келешегі туралы сындарлы сұқбаттасу болды.
Кездесуді қорытындылаған аймақ басшысы үкіметтік емес ұйымдардың саны көбеюімен қатар, азаматтық белсенділік артып келетінін мәлімдеді. Кездесуді ұйымдастырушылар үкіметтік емес ұйым өкілдерін жақында құрылған азаматтық орталықпен белсенді байланыс болуға шақырды. Ал бұл орталықтың мақсаты — ҮЕҰ мен мемлекеттік органдар арасында өзара байланысты ұйымдастыру, аталған ұйымдардың жұмыс сапасын арттыру.
Хорлан Смадияр