Атырауда мүгедек балалардың аналары енді алаңсыз жұмысқа шығуына болады (ФОТО)
Атырау облысы Құрманғазы аданының Құрылысшылар мөлтек ауданында аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі жанынан «Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің салтанатты ашылу рәсімі ұйымдастырылды.
Облысымызда алғаш ашылып отырған орталық қызметінің мақсаты – Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің 2015 жылғы 26 наурыздағы №165 «Халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету туралы» бұйрығымен бекітілген стандарттағы арнаулы әлеуметтік қызметтерді іске асыру болып табылады.
Мекеменің ашылуы арқылы мүмкіндігі шектеулі жандар қоғамға тартылып, оларға оңалту шаралары ұйымдастырылуда. Сонымен қатар, кемтар балаларын бағып-қағып отырған ата-аналар осы мекемеге оларды алаңсыз тапсырып, жұмысқа шығуларына мүмкіндік жасалып отыр. Орталық мамандары жартылай стационарлық жағдайда психоневрологиялық ауытқуы бар, тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедек балаларға, қартайған жасына байланысты өзіне өзі қызмет көрсете алмайтын зейнеткерлерге арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетеді. Бүгінгі таңда мекеменің мамандандырылған бөлмелерінде жұмыс жасайтын 32 қызметкер әзірше мүмкіндігі шектеулі 16 балаға оңалту шараларын атқаруда.
Ашылу салтанатында cөз алған аудан әкімі Бибоз Шаяхметов орталықтың ашылуына зор үлесін қосқан атымтай жомарт белгілі кәсіпкер Салауат Мырзағалиевқа өзінің Алғыс хатын табыстады. Одан әрі облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мүгедектер және ардагерлермен жұмыс жөніндегі бөлімінің басшысы Самал Жексенғалиева, Атырау қалалық №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының директоры Гүлнар Зинеденова, аудандық мүгедектер қоғамының төрағасы Ғилыман Құспанов, орталықта қызмет алушы баланың ата-анасы София Ахметқалиева ауданда жүзеге асып жатқан игі бастаманың жұмысына, мекеменің басшысы болып тағайындалған Әнуарбек Сәбитовке сәттілік тілеп, осындағы балалардың тезірек ауруынан айығып кетуін, қоғамда өздерінің лайықты орындарын табуларына тілектестік білдірді.
Лента қию рәсімін аудан әкімі Б.Шаяхметов, облыстан келген қонағымыз Самал Жексенғалиева, жеке кәсіпкер С.Мырзағалиев жасады. Бұдан соң аудан әкімі бастаған шараға қатысушылар ғимараттың ішін аралап, орталықтың жұмысымен танысып, науқас жеткіншектердің сауығып кетуіне барлық жағдай жасалғанына көз жеткізді.
Айнагүл ШАКУПОВА