Атырауда мәдениет үйінің директоры әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Атырауда «Кең Жылыой» мәдениет үйі директоры әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-конференциясында ҚР Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитеті Атырау облыстық департаментінің басшысы Еркебұлан Марайымов мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, аталған мәдениет үйінің басшысына 226,9 мың теңге көлемінде айыпұл салынған. «Бұдан бөлек, Атырау қалалық білім бөлімі тарапынан да заңға томпақ келетін әрекеттердің жасалғаны анықталды. Мәселен, қалалық білім бөліміне жеткізілмеген мектеп партасы үшін бюджеттен 9,3 миллион теңге негізсіз аударылған» деп атап өтті спикер Еркебұлан Марайымов.
Білім бөліміндегі «тосын сыйлар» мұнымен тоқтамайды. Көлемі бірнеше миллиондарды құрайтын кемшіліктер бухгалтерлік есеп жүргізуде, мемлекеттік сатып алуда да кездесіп отыр. Мәселемен қазір Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының жергілікті департаменті айналысуда.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.