Жарнама
ЖаңалықтарМәдениетШаһар шырайы

Атырауда «Келін» қойылымының премьерасы өтті (ФОТО)

Махамбет атындағы облыстық драма театрының ұжымы жерлес жазушы, драматург Есенжол Домбаевтың «Келін» атты мұңды комедиясының премьерасын қойды. Атынан ба, затынан ба, әйтеуір, көрермен өте көп жиналды. Әсіресе, жастар жағы басым.

ЕАС 036

…Ұлы Отан соғысына елін қорғауға аттанып, еш хабар-ошарсыз кеткен ерлер қаншама. Оларды туған ауылдарында жесірлері сарғая күтті. Тіпті мұндай ұзақ күтудің ақыры оларды есінен адастырып, «жынды кемпір», «есуас әйел» атандырғаны да шындық. Бұл ауылда да сондай бір кейуана бар. Ол ешкіммен тілдеспейді, ешқайда шықпайды, тек соғысқа аттанған ерінің жансыз бейнесіне телміріп, «әне-міне келіп қаладымен» отырады да қояды…

ЕАС 043

Сәток — осы ауылдағы ақыл-есі кемдеу жас жігіт. Ара-арасында жаңағы кейуанаға келіп, өзінің ойымен, арманымен бөлісіп кетіп тұрады. Жесір ана онымен тілдеспейді, бірақ, Сәток оны өзіне соншалық жақын көреді. Өзімен сырласпаса да, кейуананың қақиып отырғанын бір дүние санайды. Жүйкесі ауырады демесеңіз, Сәтоктың кейбір ойлары есі дұрыс адамнан да артығырақ. Ол ауылдағы қос ғашық — Ақатай мен Әлияға қатысты өз ойын ашық айтады. Тіпті Ақатайға: «Сен Әлияны тастама, ол енді бөпелі болады ғой!» — деп ақыл қосады.

ЕАС 074

Мұңды комедияның бас кейіпкерлері — Ақатай мен Әлия, солардың айналасында өрілетін оқиға желісі көрерменін біресе күлдіріп, біресе жылатады. Кезінде бірінің әкесі екіншісінің анасын жақсы көрген, я керісінше — осының бәрі жиналып келіп, болашақ құдағайлардың араздасуына алып келеді. Бірі: «Қызымды ол отбасына бермеймін!» десе, екіншісі: «Ол үйдің қызын алмайсың!» деп, отырып алады. Нағыз шытырман оқиға осы жерде басталады: аяғы ауырлап қалған Әлия ақыры әке шаңырағы — оң босағада отырып босанады… Бұл кезде Ақатай үйіне Каролина есімді қаланың қызын әкеліп қояды. Іс-әрекеті де, өзі де ерсілеу бойжеткен енесі мен нағашы қайын атасының көзінше темекі шегеді, мас болады… Үйде келіндік міндетін атқармайды. Барлық үй тірлігін егде ененің өзі істейді, шаршайды, көз жасына ерік береді. Бірде әбден титықтаған жігіттің анасы ұлына:

-Қартайғанда көрейін дегенім осы ма еді?! Бар, көрші үйдегі әйел-балаңды алып кел! Жібер мынаны! — деп, ес жинағандай болады. Сүйгенін алғызбаған анасына осындай «сыйлық» жасаған Ақатайдың өзі екен. Ол жолдастарымен бірге қыңыр келін — Каролинаның бейнесін ойластырып, алдын ала ұйымдастырыпты. Өйтпейінше, анасы көнбес еді. Қала қызының қырсықтығын көріп, жүрегі шайылған ене енді өзі бір кезде менсінбеген Әлиясына жылап көріскендей болады. Немересін бауырына басып, үлкен той жасайды…

ЕАС 107

Иә, атамыз қазақ «Алтынның қолда барда қадірі жоқ», «Жаманды көрмей, жақсының қадірін білмейсің» деп, өте орынды айтқан. Премьераны көріп шыққан көрерменнің қай-қайсысы да: «Өмірден алынған шынайы оқиға ғой. Жастардың арасына түсіп қажеті жоқ. Өздері шешсін. Әйтпесе, бар өмірі өкінішпен, өксікпен өтеді…» — десті.

ЕАС 132

Премьераның ойдағыдай шығуына қоюшы режиссер М.Томанов, қоюшы суретші Т.Қоесов, балетмейстр Г.Байкенова, театрдың көркемдік жетекшісі Р.Отарбаев, әртістер — А.Мұхамажитов, Г.Қайырлиева, Б.Зинуллин, М.Шаненова, Г.Айтқалиева, А.Мұхтарова, С.Қожабеков, А.Бәдел, Н.Аралбай, Д.Далибаевалардың еңбегін атап өту ләзім. Үш ноян — А.Мусағалиев, Б.Өтеғалиев, М.Макулов орындаған әндер де қойылым әрін аша түсті.

ЕАС 391

ЕАС 823

Лиза СЕЙТІМОВА

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button