Жарнама
ЖаңалықтарШаһар шырайы

Атырауда көтеріліс ошағы қай жерде болды?

Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс – еліміздің тарихындағы асқақ рухты  паш еткен тағылымды оқиға. Оның бүкіл кең байтақ Қазақстанды қамтуына II Николай патшаның сол жылғы 25 маусымдағы  «Орыс емес, бұратана» халықтардың  19 бен 43 жас аралығындағы ер  азаматтарын соғысқа қорғаныс құрылыстарын  салу мен тыл жұмыстарына мобилизациялау» туралы жарлығы себеп болды.

Көтеріліс ошағы

Ол бұрынғы Бөкей ордасына қараған Каспий теңізінің солтүстік жағалауында да өрістеді (бұл аймақ қазір Атырау облысының Исатай ауданына  қарайды – автор). Осы жердегі қазақтарды майданға жібермеу, яғни, патша жарлығын орындауға қарсылық көрсету  қозғалысын ұзақ жылдар  I  Теңіз маңы округіне қарасты №15 болыстың старшыны болған Өтепқали Дінбаянұлы  Исатаев басқарған. Аты-жөнінен көрініп тұрғандай, ол 1836-1838 жылдардағы Бөкей хандығы мен Кіші жүздің батыс бөлігін дүр сілкіндірген халық-азаттық көтерілістің басшысы  Исатай Тайманұлының  немересі. Қазіргі мезгілде І Теңіз маңы округінде өрістеген ұлт-азаттық қозғалыстың қай жерде басталғаны туралы екі түрлі пікір айтылуда.

Бірінші, Қазақ кеңес автономиялық социалистік республикасының тұңғыш басшысы Сейтқали Меңдешевтың 1936 жылғы 18 маусымда Орал қаласында шығатын «Екпінді құрылыс»  газетінде жарияланған мақаласында мынадай жолдарды көруге болады. «Ресей патшасы ІІ Николайдың  1916 жылы орыс-герман майданына қара жұмысқа алу туралы жарлығына Астрахан губерниясына қарасты Бөкей ордасының  тұрғындары қарсы шықты. Көтерілістің екі орталығы болды. Біріншісі – Новая Казанка. Екінші орталығы – теңіз округі. Оны Исатай батырдың немересі Өтепқали Дінбаянұлы басқарды.  Халық арасында  беделді, старшын болған Өтепқали жақын ағайыны Едіге Нарынбаевпен бірге патша жарлығына  наразылар тобын құрды. Екі мыңдай сарбазбен «Саға» мекенінде ту көтеріп, ондаған киіз үй тігіп, соғысқа әзірлене бастады».

Осы  пікірді 1996 жылы 31 желтоқсанда «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Аймақтағы батыл дүмпу» атты мақаласында  тарих ғылымдарның кандидаты, Орал қаласындағы сол кездегі Пушкин атындағы  педагогикалық институттың аға оқытушысы Ғ.Қарабалин де қолдайды. Атырау өңіріне белгілі өлкетанушы, ардагер-ұстаз м.Намазғалиев 1987 жылы 4 қыркүйекте  «Коммунистік еңбек» газетінде  жарияланған «Әділет үшін алысқан» деп  аталатын мақаласында: «…жинақталған қалың қол «Саға» деген жерге ту орнатып, жүздеген киіз үйлер тігіп, штаб құрған» деп жазады. Осы пікірлерден 1916 жылы  І Теңіз маңы округінде  болған ұлт-азаттық қозғалыстың негізгі ошағы «Саға» деген жер деуге әбден болады.

Енді екінші пікірді қарастырсақ, 2014 жылы Алматы қаласында басылған «Қазақ көтерілістері» деп аталатын энциклопедияда «Өтепқали Дінбаянұлы» атты мақала берілген. Мақалада мынадай жолдар бар Өтепқали  қозғалысының орталығы Ақай шұраты болып белгіленіп, наразылық көтеріліске ұласып кетті» (436 б). Сол сияқты  2000 жылы  Алматы қаласындағы «Атамұра» баспасында жарық көрген «Атырау» энциклопедиясындағы «Өтепқали Дінбаянұлы» деп аталатын мақалада да Өтепқали Исатаев бастаған ұлт-азаттық қозғалыстың орталығы «Ақай шұраты» деп көрсетілген. Осы жерде бұл энциклопедияда 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс Теңіз (қазіргі Құрманғазы) ауданы жерінде болды деген жаңсақ мәлімет келтірілгендігін де атап көрсеткеніміз жөн. Бұл жерде мақала авторы Теңіз маңы округі 1889 жылы І және ІІ округ болып бөлінгенін және Ө.Исатаев бастаған қозғалыстың  І Теңіз маңы  болғандығын ескермеген.

«1916 жылы І Теңіз маңы округінде көтерілістің негізгі ошағы «Ақай» ма, әлде «Саға» ма? деген сұраққа жауап іздесек, бұл жерде көтерілістің  негізгі ошағы «Саға» болды дегеніміз шындыққа жақындау дегіміз келеді.

Нарын құмының адамдары негізінде Каспий теңізінің солтүстік жағалауының жақын жиегінде, яғни, «Сағада» топтасқан. Жоғарыда жазылғандай қозғалыстың Ө.Исатаев бастаған  штабы осы жерде құрылған.

Аманкелді ШАМҒОНҰЛЫ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік

университетінің профессоры, өлкетанушы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button