Атырауда із-түзсіз жоғалғандар көбейіп тұр
Сегіз жасында алақандай ғана жүрегі адам кейпіндегі айуанның азғын әрекетінен кейін тоқтаған Айкөркемнің есімі әлі ұмытыла қойған жоқ. «14 маусым күні Атырауда мектеп жанындағы лагерьден келе жатқан жерінен қыз бала жоғалды» деген хабар ғаламтор желісінде тез тараған болатын. Полиция қызметкерлерімен бірге, Айкөркемнің амандығын тілеген қарапайым қала тұрғындары да іздеу шараларына қатысқан еді. Бірақ, арада бес тәулік өткенде Айкөркемнің өлі денесі Жайық өзенінен табылды. Өкінішке қарай, жоғалған адамдардың белгілі бір бөлігі осындай адам шошырлық қылмыстық оқиғалардың құрбаны болып жатады.
Жыл басынан бері Атырауда жоғалған адамның 98 дерегі тіркеліп отыр. Атырау облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Назымгүл Қайсағалиеваның айтуынша, 64 адам үш тәулік ішінде табылғандықтан, арнайы іздестіру ісі ашылмаған. «Қалған 34 адам бойынша іс ашылды. Оның ішінде жасы кәмелетке толмаған 16 жасөспірім бар. Жедел жұмыстар нәтижесінде, 13 бала үш күн ішінде табылып, үш адамға қатысты іздестіру ісі ашылды» дейді ол.
Сонымен із-түзсіз жоғалғандар қайда кетеді? Жергілікті ішкі істер департаментінің сараптауынша, жоғалу фактілері көп жағдайда жасөспірімдер арасында жиі орын алып жатады. Әдетте, тұрмысы нашар отбасынан шыққандар, интернат, балалар үйі тәрбиеленушілері үйден кетуге бейім тұрады екен. Оған отбасылық жанжал, туыстардың арасындағы келіспеушілік те себеп болуы мүмкін. Немесе жеке өмірін «реттеу» үшін ғашығымен бірге «әлемнен қашу операциясын» ұйымдастыратын «махаббат батырлары» да кездеседі. Бірақ, полиция тілімен айтқанда, мұндай «Happi End», яғни, «бақытты жағдайлар» сирек орын алады. Осыған орай бір мысал, полиция төрт баланы өткен жылдан бері таба алмай келеді.
Атыраулық полицейлер сабыла іздегендердің бірі – Игорь Анатольевич Вяхирев. 1966 жылы туған азамат шамамен кешкі алтыда жұмыстан кейін үйіне оралмаған. Оқиға осы жылдың 13 наурыз күні орын алды. «Атырау Су Арнасы» мекемесінен шыққан жігіт ағасы әлденені сезгендей үйіндегілерге қоңырау шалып, жұмыстан келе жатқанын айтады. «Сол қоңыраудан кейін әкемнен еш хабар болмады. Арада біраз уақыт өткеннен соң әкеме қайта қоңырау шалдық. Ол Гайдар көшесінің бойында екенін айтты. Сол сәтте біреуге сөйлегендей болды. Соңғы сөзі–«сен кімсің?». Осыдан кейін телефон жерге құлап түскендей дыбыс естілді де, соңынан аппарат біржола өшіп қалды» деді қызы Наталья журналистерге берген сұхбатында. Осы оқиғадан арада үш күн өткенде Игорьдың отбасы полицияға шағым түсіреді. Көп ұзамай жоғалған Игорьдың өлі денесі Атыраудағы әскери бөлімшелердің бірінің маңынан табылды.
Сарапшылар жоғалған әрбір екінші кісінің еңбекке қабілетті ер адам, әр төртінші адамның жасөспірім, әр бесіншінің зейнет жасындағылар екендігін айтады. Көп жағдайда «қара тізімге» жұмысшылар, бизнесмендер, зейнеткерлер мен үй-күйсіз қаңғып жүргендер ілігеді екен. Полиция өкілдері «кәсіпкерлерді көбінесе ақша бопсалау мақсатында немесе сол адамға борышты болып қалғандар ұрлайды» деп отыр. «Еңбекке қабілетті ер адамдарды құлдықта ұстау мақсатымен ұрлайды. Тіпті, оларды шет ел асыратындар да бар. Балаларды ішкі дене мүшесін алу немесе жәбірлеу мақсатында көзден таса етеді. Ал, үй-күйсіз жүргендер ішкіш «достарының» тоқпағынан көз жұмады. Араларында жазылмайтын ауруға шалдыққандар да болады» дейді мамандар.
Баян Жанұзақова