Атырауда исламды мазақ еткен желі қолданушысы жауапқа тартылды
Әлеуметтік желідегі посттары арқылы мұсылмандарды мазақ еткені үшін атыраулық жігіт жауапқа тартылды.
Мамырдың 31-і күні Ж.С. есімді тұрғын Атырау облыстық Дін істері басқармасына арыз түсірген. Онда А.Р.аккаунтымен тіркелген «Facebook» желісі қолданушысының ислам дінін мазақ ететін жазбаны жүктегені айтылып, шара қолдану сұралған.
Іс материалдарымен таныса отырып, аталған желі қолданушысының жалпы мұсылман қауымының сенімін қорлайтын жазбаларды негізінен қасиетті Рамазан айында жариялағаны белгілі болып отыр.
1988 жылы туылған азамат мазаққа құрылған коллаждарды жеке парақшасымен қоса, «Facebook» желісіндегі атыраулық қолданушылар бас қосатын ортақ топтада жариялаған. Мәселен, бір постында «Қайырымдылық. Күйеуі әйеліне ауызашар жасауда» (түпнұсқада барлық посттар орыс тілінде жарияланған – Авт.) деген құйтырқы коллажды қасақана орналастыру арқылы желі қолданушыларының наразалығын тудырғанын байқауға болады. Сол сияқты, ораза ұстаушылардың сенімін ашық қаралаған қолданушының посттары да мұсылман атаулының ар-намысына тиеді.
Шілде айында аталған аккаунт иесінің ісі Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында қаралып, ол «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 490-бабы, 2-бөлімі бойынша кінәлі деп танылды. «Нәтижесінде аталған желі қолданушысына 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды» делінген Дін істері басқармасының баспасөз хабарламасында. Енді, әлгі азамат 113 мың 450 теңге көлеміндегі айыппұлды сот шешімі шыққан күннен бастап, 30 тәулік ішінде төлеп болуы тиіс.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.