Жарнама
ЖаңалықтарШаһар шырайыҚоғам

Атырауда имамдар үшін үш күндік халықаралық семинар өтті (ФОТО)

Бүгін Атырауда имамдардың біліктілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған семинар қорытындыланады. Орталық «Иманғали» мешіті мен Атырау облысы Дін істері басқармасына қарасты Ақпараттық талдау орталығы мекемесі бірлескен шараға қала, сонымен бірге, барлық аудан, ауыл, елдімекендерден жиналған имамдар, молдалар қатысуда.

мечеть

Халықаралық деңгейде өткен үш күндік семинарға мүфтиятқа қарасты Ғұламалар кеңесінің мүшесі, Пәтуа бөлімінің орынбасары Сансызбай Құрбанұлы және Түркиядан шақыртылған ұстаз Хусейн Кайя арнайы келіп, тәжірибелерімен бөлісті.

мечеть 3

Сейсенбі күні атыраулық мешіт имамдары, молдалар және зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен Атырау қаласындағы «Қазақстан» қонақ үйінің мәжіліс залында «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабы талқыланды. Шара барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының  Ғұламалар кеңесінің мүшесі, Пәтуа бөлімінің орынбасары Сансызбай Құрбанұлы садақадағы ысырапшылдық мәселесіне ерекше көңіл бөлді.

мечеть 2

— Қонақасының өзі ретімен берілуі керек. Қазалы үйде аста-төк дастархан жаюды шариғатымыз құптамайды. Қаралы үйге негізінен ағайын-туыстары, көршілері көмек бергені абзал. Кісісі қайтқан үй ең алдымен марқұмды дінімізге сай арулап жерлеуді ұйымдастыруы керек. Құрбан шалатын мал немесе садақа өтетін мейрамхана іздеп, марқұмды жерлемей күттіріп қоятын әдет исламға сай келмейді, — деп атап өтті ұстаз.

мечеть 1

Орталық «Иманғали» мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров қазалы үй жайған дастарханда, марқұмның қадесі кезінде сағаттап сөз сөйлеудің әбес қылық екендігіне тоқталды. «Өмірден өткен кісінің жақсылығын бір-екі сөзбен жеткізсек болады. Бастысы, марқұмның рухына бағыштап оқылған дұға әлдеқайда сауап амал екенін ескергеніміз жөн» деді облыстың бас имамы Батыржан қажы Берденұлы.

Зиялы қауым атынан пікір білдірген Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Абат Кенжеғалиев, садақа кезіндегі адамдардың әдепке сай келмейтін әрекеттерін сынға алды. «Бір бұрышта туысы қайтқан адам жылап, жоқтау айтып отырады. Екінші бұрышта езуіне шылым қыстырған жігіттер дүниелік әңгімелер, тіпті, әзіл айтып, күліп тұрады. Кейде дауыстары жарқын шығатыны сонша, амал жоқ ескерту жасауға тура келеді» деген ол, қазалы үйде өзін-өзі ұстау тәртібіне де назар аударуға шақырды.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button