Атырауда дзюдодан Қазақстан чемпионаты басталды (ФОТО)
Бүгін Атырауда дзюдодан 23 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер арасында Қазақстан чемпионаты басталды. Жарыстың алғашқы күнінде татами шеберлері 5 салмақ бойынша белдесіп, өзара мықтыны анықтап жатыр.
Ел біріншілігінің ашылу салтанатында Қазақстан Дзюдо Федерациясы өңірде дзюдоның дамуына қарқынды үлес қосып отырған Атырау облысының спорт жанашырларына алғыс ретінде І дәрежелі «Дзюдо тарланы» төсбелгісін табыс етті. Қазақстан Дзюдо федерациясының бас хатшысы Самат Жылқыбаев Атырау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бекет Азамат Бауыржанұлына алыс хатпен қатар І дәрежелі «Дзюдо тарланы» төсбелгісімен марапаттады.
Чемпионатқа Солтүстік Қазақстаннан басқа еліміздің барлық өңірінен 250-ге жуық спортшылар келген.
Ертең ерлер арасында 81, 90, 100 ден жоғары келі салмақта, ал, қыздар арасында 70, 78 ден жоғары салмақта татами шеберлері жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарды анықтайды.
Айта кетейік, финалға шыққан жүлдегерлерге «Қазақстанның дзюдодан спорт шебері» атағы беріледі.
Абай АҚМҰРЗИЕВ.
Суреттерді түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.