Атырауда азық-түлік бағасы арзандады
Атырауда азық-түлік бағасы арзандады. Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен жиналыста белгілі болды. Өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өткен жиында Ұлттық банктің Атырау филиалының директоры Айнұр Көшербаева баяндама жасады. Ол аймақтағы азық-түлік бағасының қазан айымен салыстырғанда арзандап, тұрақтанғанын жеткізді.
«Қазан айымен салыстырғанда инфляция төмендеді. Бұл жергілікті атқарушы органдар ұйымдастырған 6 жәрмеңкенің өтуімен байланысты болды. Бағаның түзетілуі қызылша, пияз, сəбіз сынды азық-түліктерге қатысты болды»,-деді ол.
Филиал директоры өңірде дедолларизацияның оң бағытта жүріп жатқанын да айтты.
«Былтырғы жағдаймен салыстырсақ, 1 қарашада ұлттық валютадағы салымдардың үлесі 28 проценттен 45 процентке дейін артты. Шетелдік валютадағы салымдар 71 пайыздан 54 пайызға дейін кеміді»,-деді директор. Бұл Атырау облысында ұлттық валютаға деген сенімнің күшейгендігімен түсіндірілді.
Айқара Ғұмар