Атырауда ауру малдар жойылмай тұр
15 қаңтар. Облыста мал дәрігерлері жетіспейді. Елді-мекендерде ауру малдар жойылмайды. Соған қатысты берілген пәрмен орындала бермейді. Осы және өзге мәселелер облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиевтің төрағалығымен өткен кеңейтілген жиналыста айтылды. Оған Қазақстан фермерлер одағы төрағасының орынбасары Сатыбалды Жұмағатов қатысты.
Жерінің қуаңшылық пен сортаң болуына байланысты негізінен мал шаруашылығына бағытталған өңірімізде төрт түліктің барлық түрінде өсім бар. Сонымен бірге, малды асылдандыру ісі де жүргізілуде. Бұл мақсатта «Агро Несие Корпорациясы» АҚ арқылы облыс шаруалары «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламаларымен 588 мүйізді ірі қара, 830 жылқы және 1014 қой сатып алған.
Қазір облыстағы асыл тұқымды 16 шаруашылықта 2476 ірі қара, 41671 қой, 1491 түйе, 591 жылқы бар. Алайда, қойды көбейту және асылдандыру бағытындағы жұмыстар баяу. Сондықтан да республикалық қой өсірушілер палатасының Атыраудағы филиалын ашу қажеттілігі туындап отыр.
Жастар бұрынғыдай ауылшаруашылық құрылымдарына емес, мұнай, банк, өнеркәсіп салаларын қалайды. Сол себепті ветеринарлардың тапшылығы сезілуде. Заң актілерінің әлсіздігі себепті мал ауруы шыққан елді-мекендерде мал бастары жойылмайды. Өйткені, мал иесі келіспейді. Бұл істе жергілікті жауапты мекемелер қауқарсыз. Махамбет ауданында түйеден шыққан бруцеллезге байланысты жойылуды міндеттеген тиісті мал басына берілген пәрмен орындалмаған. Бұл тек аталған ауданда ғана емес, Қызылқоғада да бруцеллезге шалдыққан қой мен сиыр түгелдей жойылмай отыр. Ал, Исатай ауданында «сақау» ауруы салдарынан 414 жылқы ауруға шалдығып, оның 262-сі шығынға ұшыраған.
«Бүгінгі күні облыстың барлық аумағында мал өсімі бар. Махамбет, Мақат аудандарында жылқы мен түйе көп. Соның жартысы егілмеген, таңба басылмаған. Бірдейлендіру ісінде салғырт қарау фактілері көп»,-деді облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев.
Аслан МҰРАТҰЛЫ