Атырауда алғаш рет түнгі марафон өтеді
7 шілде күні Атырауда Елорданың 20 жылдық мерейтойына орай түнгі марафон өтеді.
Жарыстың ұйымдастырушылары аталған іс-шара 13 мамырда өткен «Atyrau Marathone-2018» жалғасы болатынын айтады.
«Атырау қаласындағы марафон жылына бір рет өткізілетіндіктен түнгі марафонды қаланың тұрғындары мен қонақтарының қызығушылығын арттыру үшін ұйымдастырамыз. Жыл бойы аталған спорт түріне қатысты шараларды жиі өткізуді жоспарлап отырмыз. Бірқатар елде осыған ұқсас жарыстар болуда. Бұдан Атырау да қалыс қалмайды», — дейді «Atyrau Marathone-2018» ұйымдастыру комитетінің вице-президенті Юрий Пономарев.
Түнгі марафонға қатысушылар ерекше жарқыраған спорттық костюмде келуі тиіс. Жүгірушілер үшін қашықтық 5 шақырымды құрайды. Оларға неон білезіктер беріледі. Ал мәреде медальдар, мерекелік отшашу мен дискотека ұйымдастырылмақ.
«Атырау қаласының тұрғындары мен қонақтары үшін бұл тек спорттық іс-шара ғана емес, мереке. Осы күндері бүкіл Қазақстан Елорда күнін атап өтеді, түнгі марафон біздің өңірдегі мерекелік іс-шаралар сериясының жалғасы болады», — дейді Атырау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Бекет.
Іс-шара соңында түнгі марафон ұйымдастырушылары ең креативті және «ең жарқыраған киімді» таңдайды.
Түнгі марафон 7 шілде күні, сағат 23.00-де Атыраудағы мұз сарайының алдынан басталады. Мәре — Атырау облыстық әкімдігі ғимаратына дейін. Марафонға 14 жастан асқан қала тұрғындары қатыса алады.