Атырауда 150 адам қан тапсырды
«Менің батырым – менің донорым!» Осындай атаумен өткен екі күндік акцияға атыраулық жастар белсене қатысты. Акцияның бастамашысы «Жүректен жүрекке» қайырымдылық қорының жетекшісі Әйгерім Жәрдемқызының хабарлауынша, өз еркімен келіп қан тапсырған атыраулықтардың саны 150-ге жуықтаған.
«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, әлем бойынша әр 1000 тұрғынға 50 адам донор болса, емдеу мекемелерінің қанға деген мұқтаждығы толығымен қамтылады екен. Біздің елімізде 1000 қазақстандыққа 18 донордан келетін көрінеді. Өткен жылы елімізде барлығы 200 мыңға жуық адам қан тапсырған. Нәтижесінде 75 мың сырқатқа көмек көрсетілген» дейді Әйгерім Жәрдемқызы.
Дәрігерлер қан тапсырудың адам ағзасына пайдасы жоғары екендігін айтады. Тіпті, кезінде адамдар қан тапсыру арқылы науқасынан жазылған деседі. «Қан ликемия ауруына шалдыққан сәбилердің еміне пайдаланылады. Операция үстеліндегі науқастарға құйылады. Бірінші күні акцияға жастар, екінші күні орта жастағы азаматтар көптеп келді. Әлеуметтік желілер арқылы таратқан хабарламамызға бей-жай қарамай, қайырымдылық акциясына белсене араласқан атыраулықтарға алғысымыз шексіз» деп ризашылығын білдірді Әйгерім.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.