Жарнама
ЖаңалықтарШаһар шырайы

Атырау жарыққа алаңдамайды

Атырау қалалық электр жүйелері мекемесінің басшысы Қуат Сисенғалиев өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында журналистермен брифинг өткізді.

АТЫРАУ жарыққа алаңдамайды

Жалпы, мұнда жылына екі мәрте, яғни көктемгі-күзгі кезеңде барлық электр жабдықтарына жоспарлы техникалық қызмет көрсетіледі. Осы шара биылғы қысқы маусымға дайындық барысында да жүзеге асырылды. Оның үстіне, ескі подстансаларды жаңғырту жалғасуда. Бұл кешенді жұмысты жасау барысында тек жабдықтар ғана ауыстырылмайды, сонымен қатар, жаңа құрылыс жүргізіледі. Бүгінде облыс орталығындағы сырты қызыл кірпішпен қоршалған подстансалар – осындай шаралардың жемісі. Қуаты жоғары трансформаторлар орнатылады. Ал, осы жұмысты атқарған кезде тұрғындар жарықсыз қалмай ма? Энергетиктер мұны да ойластырыпты. Яғни, жылжымалы подстанса қолданылып, электр энергиясы уақытша сонымен беріледі.

Рас, Атырау қаласының шет аймақтарындағы кейбір елді мекендерде жарық әлсіз. Бұл – кезінде жер телімдерін ешқандай инфрақұрылымсыз тарату салдары. Осындай бейберекетсіздік белең алған кезде әркім өз бетінше электр бағандарын орнатып, желілерін жүргізіп алған. Бірнеше үй бір сымға ғана жалғанғандықтан салмақ та соған түседі. Бұған, әрине, энергетиктердің қатысы жоқ. Жаңадан электр жүйесін салу бұлардың міндетіне кірмейді. Бірақ, тұрғындар өтінішін соларға айтады. Бір қуанарлығы – бүгінде жергілікті атқарушы биліктің электр мен байланыс желілерін, ауыз су мен табиғи газ құбырларын тартуды, тас жол салуды қолға алуы. Демек, жеке тұрғын үй салушыларға барлық инфрақұрылымы жүргізілген жер телімдері ғана беріледі. Қазіргі талап осы.

Сөз ретінде айтар болсақ, шаһардағы иесіз электр желілері жөніндегі әңгіме де осыдан туындайды. Шындығында, олардың бәрінің де қожасы бар. Мәселен, Атырау қалалық тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық бөлімі мен жеке бизнес құрылымдарына қатысты жүйелер де кездеседі. Солардың бәрі бір подстансадан қуат алады. Кейде солардың желілерінде ақау болып жатады. Өздерінің күші жетпей, энергетиктерден жәрдем сұрайды. Бұлар, әрине, көмектеседі. Осы орайда сол электр жабдықтарын бір қолға топтастырған жөн секілді.

Бұл теміржол бөлімшесіне қарасты ЭЧ-4 мекемесіне де қатысты. Бүгінде ол қамтып отырған шаһардағы Баймұханов пен Датов көшелеріндегі бірқатар көп пәтерлі үйлер тұрғындарының, аудандардағы темір жолға жақын орналасқан ғимараттар иелерінің реніші көп. Оларды «Атырау-Жарық» мекемесі өз қорына алуға қарсы да емес. Әйтсе де, тозығы жеткен жабдықтарды жөндеп, ескі желілерді жаңартып тапсырған жөн. Әйтпесе, біреудің көнесін қалпына келтіру кімге керек? Соның бәріне қыруар қаражат жұмсалады. Ол қайдан алынбақ? Ал, егер «Атырау-Жарық» өз күшімен жасаса, онда жаңадан инвестициялық бағдарлама қабылдауға тура келеді. Оны жүзеге асыру үшін тарифке өзгерістер енгізіледі. Мұның барлығы тұтынушының қалтасына салмақ емес пе? Міне, соның бәрін таразылағанда екіжақты тиімді де нәтижелі шешім керек.

Бүгінде шаһардағы жарықты қадағалап, кез келген апатты жағдайды жоюға тәулік бойы істейтін төрт бригада дайын тұр. Олар қажетті жабдықтармен, мамандармен және көліктермен қамтамасыз етілген. Демек, электр жарығы әр үйге үздіксіз жеткізіледі.

Жаңарту және күрделі жөндеу

35/10/6 кВ кернеудегі электр стансаларына;

10/6/0,4 кВ кернеудегі трансформатор подстансаларына;

10/6/0,4 кВ кернеудегі кешенді трансформатор стансаларына;

10/6/0,4 кВ кернеудегі әуе электр желілеріне;

10/6/0,4 кВ кернеудегі кабельді электр желілеріне жүргізіледі.

Үстіміздегі жылы 10/6/0,4 кернеулі подстансалар жаңартылып, ғимараты қайтадан салынады.

Көп жылға жасақталған кестеге сәйкес,  қосалқы подстансалар күрделі жөндеуден өтеді.

Қолданыстағы АС-35 маркалы 0,4 киловольт кернеулі әуе желісі өздігінен жеткізуші заманауи оқшауланған электр сымдарымен ауыстырылады.

Қазіргі 10 және 0,4 киловольт  кернеулі  кабель желілері күрделі жөндеуден өткізіледі.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button