Жарнама
ЖаңалықтарШаһар шырайыЭкологияҚоғам

Атырау жұрты 100 жылда болмаған қыс мезгіліне дайын ба?

Міне, күздің алғашқы айы да басталды. Ар жағындағы қаһарлы қыстан хабар бергендей күн де салқындап келеді. «Қыс шанаңды жаз сайла» дегендей, алдымыздағы жылыту науқанына даярлық ерте көктемде-ақ қолға алынды. Бүгінде сол жұмыстың жүрісі қандай? Ұмыт қалған оқыс тұстарымыз жоқ па?

ҚЫС – ҚАТАЛ СЫНШЫ

Жалпы, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Жұмабай ҚАРАҒАЕВТЫҢ айтуынша, бұл мақсатқа барлығы 5,2 млрд. теңге қаралған. Соның 3,1 миллиарды  жергілікті бюджеттен бөлінсе, өзгесі – коммуналдық қызмет көрсетуші кәсіпорындар еншісінде.

 Жаңа үйлерге – жаңа жылу желісі

Жалпы, Нұрсая  ықшамауданындағы соңғы салынған үйлер 2015 жылдан бері орталық жылу жүйесіне жалғанған. Бірақ, бұрынғы тұрғызылған үйлер бастапқы жоба бойынша шағын бу қазандығымен қамтылғанын ескерсек, проблема толығымен шешілмеген-ді. Енді бұл мәселенің де түйіні тарқатылды. «Атырау жылу жүйелері» акционерлік қоғамының президенті Нұрадин Шамшатовтың айтуынша, аталмыш елді мекендегі барлық үйлермен қатар,  осы маңда кешенді құрылысқа дайындалған 8 гектарлық орын да орталық құбырға қосылады. Соның нәтижесінде, біріншіден, нұрсаялықтар жылумен және ыстық сумен сенімді қамтамасыз етіледі. Екіншіден, олардың коммуналдық қызметтің осы түрлеріне төлейтін әр айдағы ақысы да арзандайды.

Мұндай жүйелі жұмыс монополия мекемеде қолға алынған инвестициялық бағдарлама нәтижесінде мүмкін болды. Өйткені, сонау 1993 жылы Құрманғазы көшесін бойлай жүргізілген ұзындығы 3,2 км жылу жүйесі әбден ескерген-ді. Ол әр жерінен жарылып, ағымдағы жөндеу арқылы ғана пайдаланылып келген. Енді оны толығымен жаңарту шаралары басталып кетті.

Тағы бір жағымды жаңалық – таяу уақытта Балықшы кентінің де орталық жылу жүйесіне қосылуы. Бүгінде  нақты жұмыстар жасалуда. Турасын айту керек, бұл – жергілікті атқарушы биліктің басты проблемасы. Біріншіден, балықшылықтар жылуға жарымайды. Әбден тозығы жеткен құбырлардың жылуы даланы жылытпаса, үйлерге жетпейді. Екіншіден, жеткілікті жылу алмаған тұрғындар коммуналдық қызмет ақысын төлеуден бас тартады. Енді осы  мәселенің де шешімі табылды.

Ал, жылу көздерінің қуатын сағатына 169 гигакалорияға жеткізу Нұрсаядан өзге қазір салыну үстіндегі Береке  ықшамауданын да қамтуға мүмкіндік береді. Атыраулықтар шаһарға шығыстан кіреберісте осындай үлкен елді мекеннің құрылысы жүріп жатқандығын байқаған шығар. Алдағы уақытта мұнда да қоныс тойы тойланады.

Жергілікті материалдың тиімділігі көп

«АтырауСуАрнасы» коммуналдық-мемлекеттік кәсіпорнының директоры Андрей Ташлыковтың  айтуынша,  ауыз суды залалсыздандыру үшін Индер кен орнының табиғи тұзын пайдалану мекеменің қаржысын үнемдеуге жол ашып, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік берген. Сөйтіп, жергілікті материалдың  тиімділігі  қазір-ақ нәтижесін көрсетіп отыр.

Жалпы, аталмыш кәсіпорынның негізгі міндеті шаһар және Мақат ауданы тұрғындарын ауыз сумен қамту болғанымен, оның қорында ұзындығы 2,8 шақырымдық жылу желісі де бар. Алдағы жылу науқанына ол да даярлықтан өткізілді. Бұдан бөлек биылғы бірінші жартыжылдықта бірнеше шара мәреге жеткізілді. Мәселен, Құрсай, Дамбы, Жаңаталап, Көкарна, Тасқала, тағы басқа шаһар маңындағы елді мекендерге су көтеру үшін қосымша сорғылар орнатылды. Бүгінде Томарлы, Жұлдыз, Талқайраң, Ақжар, Ақсай ауылдарына да осындай қондырғыларды қондыру қолға алынды. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары салынған механикалық цех күрделі жөнделуде.

Мекеменің биылғы енгізіп отырған жаңалығы – қашықтықтан басқарылатын есептеу құралын орнатуы. Енді ешкімнің есігін қағып, табалдырығын тоздырудың қажеті жоқ, үйдің сыртынан-ақ керекті көрсеткішті білуге болады. Қазір осындай жүз шақты құрал орнатылыпты. Оны кәсіпорын арқылы айына 540 теңге төлеп, екі жылға несиеге алуға мүмкіндік бар.

Биыл ауыз су және кәріз жүйесіндегі қызметті оңтайландыру үшін 130 нысанға диспетчерлік басқару енгізіледі. Бұлардағы барлық мәлімет орталыққа түсіп, бүкіл жұмыс барысы бақыланып отырылады. Соның нәтижесінде, электр энергиясы 30 пайызға дейін үнемделмек. Демек, тарифті одан әрі тізгіндеуге жағдай жасалмақ.

Нормадан тыс шығын жоқ

Атырау қалалық электр жүйелері кәсіпорнының директоры Ғабиден Қанатовтың айтуынша, биылдан бастап шаһарда қолданыстағы АС-35 маркалы  0,4 кВ кернеудегі әуе желілері өздігінен жеткізуші заманауи оқшауланған электр сымдарына ауыстырылады. Оның сенімділігі қазір-ақ өзін көрсетіп үлгерді.

Сонымен қатар, ескі подстансалар жаңадан салынып, олардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілуде. Турасын айтқанда, олардың сыртқы бейнесі қала көркімен де үйлеспей, сырт көзге сүйкімсіз көрінетін. Енді көше келбетімен қабысып, айналасына сән беріп тұр. Ең бастысы көлденең адамдардың басын қатерге тігуіне жол берілмейді.

Кәсіпорында жүйелі жүзеге асырылған инвестициялық бағдарлама нәтижесінде жаңа жабдықтар орнатылып, қазір шамадан тыс шығын жоқ. Енді мекеме межесі – нормативті шығынның өзін барынша азайту. Әрине, оны мүлдем болдырмау мүмкін емес. Өйткені, электр энергиясында тасымалдау қашықтығына байланысты азды-көпті шығын болады.

Қысқасы, Атырау қаласының энергетиктері қысқы науқанға дайындығын мәлімдеп отыр.

P.S.  Осы орайда өткен оқиғалардан алынар сабақ та жеткілікті. Шымбайға бататын шындық – коммуналдық қызмет көрсетуші кәсіпорындар жылу беру науқанына сақадай сай екендігін қаншама хабарлап жатса да, әйтеуір бір жерінен шалағайлық шығуы. Алдымен, пәтер иелері кооперативтерімен нақты байланыс әлі жоқ. Мәселен, осы айдың ортасынан бастап көп қабатты үйлерде жылу желілерін тексеру басталады. Міне, сол кезде үйлесімді шара қажет.

Немесе жеке сектордың тұрғындары мәселесін өздері ғана шешеді. Атқарушы биліктен жәрдем сұрап жатқан жоқ. Әйтсе де, электр энергиясы немесе ауыз су берілмей қалса, үйдегі жылу жүйесіне де нұқсан келеді. Тіпті құбыр жарылып, апатты жағдай орын алуы ықтимал. Ал, турасын айтқанда, қала маңындағы елді мекендерде ауыз су жетімсіз. Оның қысымы төмен. Тұрғындар мұны орталық құбырға монша, көлік жуу секілді кәсіпкерлік нысандарының қосылуымен түсіндіреді. Жалпы, тәртіп бойынша олардың су жинайтын дербес қазандары болуы тиіс. Әйтпесе, халықтың тұтынып отырған суына қол сұғуға ешкімнің құқығы жоқ. Міне, монополия мекеме соны тексергені жөн еді. 

Жеке сектордағы қолдан жасалған жылу қазандықтарындағы ақаудан орны толмас оқиғалар да болып жатады. Соны кім тексеруі керек? Газ жарылуы жылда қайталанатын тұрақты көрініске айналды. «Көгілдір отын» таратушы кәсіпорын көбіне ескертумен ғана шектеледі. Нақты алынған шара көрінбейді.

Шаһар бойынша биылға жоспарланған жолдардың кейбірі салынбай қалатын түрі бар. Демек, қала сыртындағы елді мекендер ертең жауған жаңбыр мен еріген қар суының астында қалғалы тұр. Байқап жүрміз, мұндай жағдайда көбіне орталық көшелерге мән беріліп, сырттағылар көзден таса болады. Тұрғындар тығырықтан өз күшімен шығуға мәжбүр.

Міне, осындай өткен күннің ащы сабағынан оң қорытынды шығарған жөн.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button