Атырау театры Мәскеуде спектакль қойды
Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театры Ресейге гастрольдік сапарымен барып, Мәскеу жұртшылығына қазақша қойылым көрсетті.
«Тергеу» деп аталатын спектакль ресейлік жазушы Георгий Пряхиннің повесі негізінде жазылған. Айта кетейік, оның премьерасы өткен жылы Атырауда көрсетілді. Қазақшаға аударған – журналист, ақын Төлеген Берішбай.
Қойылым Ресейдің атақты ақыны, жазушысы Борис Пастернакқа арналып жазылған. Жазушының азапты күндері, тергеуде болған кездері суреттеледі. Кезінде Нюрнберг процесіне қатысқан Кеңес одағының бас прокуроры Роман Руденко мен Нобель сыйлығының иегері Борис Пастернактың арасында өрбиді.
Спектакльде Кеңес кезіндегі оқиғалар, адамдардың психологиясы жақсы көрсетілген.
Қойылымдағы Нюрнберг процесіне қатысқан бас прокурордың рөлін сомдаған театр актері Дастан Пышановтың айтуынша, қазақ тілінде қойылса да, орыс көрермендері оны жат тілде де жатырқамағанға ұқсайды. «Көрермендер қарасы көп болды. Әсіресе, сол жақта тұратын қазақтар бізбен келіп амандасып, ризашылығын білдірді» — дейді ол.
Басты рөлдегі Борис Леонидович Пастернакты Асылбек Бәдел сомдады. Бористі қайта-қайта тергеуге алатын бас прокурордың стенографисі Анна Ивановнаның (Меруерт Танашева) шапшаңдықпен жұмыс істеу сәті шынайы көрініс тапқандай. Бориспен үнемі араласатын, ақынның музасы Ольганың (Гауһар Қабиева) ақын шығармаларына деген ерекше сүйіспеншілігі айқын байқалады. Әйелі Зинаиданы (әртіс Анета Баетова), үйдің қожайыны Кузьмич (актер Елтай Шаманов) пен үй қызметшісі Дуняны (әртіс Лунара Апанаева) да құқық қорғау саласының қызметкерлері әбігерге салады. Бористің әрбір қадамын құқық қорғау саласының қызметкерлері (актерлер Асхат Мұсағалиев, Бекет Зинуллин, Бақытжан Өтеғалиев) соңына түсіп аңдиды.
Бұл – Атырау театрының соңғы жиырма жылдағы шетелге алғашқы сапары. Енді өнер ұжымы дәл осы қойылыммен Милан және Париж шаһарларына баруды жоспарлап отыр.
(Театр ұжымының сапары туралы толық материалды
газетіміздің сенбілік нөмірінен оқи аласыздар)
Нұргүл Ысмағұлова