Жарнама
ЖаңалықтарҚұқық

Атырау соттары бір жылда не істегенін айтты

Былтыр еліміздің сот жүйесі  дамудың жаңа сатысына қадам басты. Ал, биыл басты құжатымыз – Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілмекші. Мемлекет басшысы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында халықтың сот жүйесіне деген сенімінің артуы, олардың жұмысына заңнан тыс кез келген ықпалды жою қажеттілігі міндетін қойған болатын. Демек, бұл бағытта қолға алынатын шаралар жеткілікті. Жақында облысымызда сот төрелігін жүзеге асыруда атқарылған жұмыстар сараланып, алдағы міндеттер белгіленді. Кеңейтілген мәжіліске Жоғарғы Соттың мамандандырылған сот алқасының төрағасы  Айгүл Қыдырбаева қатысты.

Сот жүйесіндегі өзгерістер

— Мемлекет басшысы VII съезде сот жүйесінде жасалып жатқан істерге оң баға берді. Қолданысқа енген жаңа жүйе жемісін беріп үлгерді, — деген Айгүл Қуанышбайқызы мамандандырылған сот алқасының бүгінгі қызметіне тоқталды. Өткен жылдың қаңтар айынан бері бұл сот ірі инвесторлардың қатысуымен өтетін инвестициялық дауларды қарастырады. «Әрине, бір қарағанда мұндай істердің бәрі бірдей болуы мүмкін. Бірақ, нақты ірі инвесторлар қатысатын даулардың айырмашылығы жер мен көктей. Сондықтан, іс қаралған кезде экономикалық соттар барлығын жан-жақты сараптап, шешім шығарғаны жөн. Өйткені, еліміздің батыс өңірлерінен осындай даулар мен арыздар көптеп түседі. Ал, осы орайда Атырау облысы екінші орында. Көп реттерде инвестор соттылыққа байланысты жергілікті немесе экономикалық соттың шешімімен келіспеген жағдайда аппеляцияға Жоғарғы Сотқа жүгінеді», — деді Жоғарғы Сот өкілі.

Сондай-ақ, ол сот төрелігі жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша орган – Халықаралық кеңес қызметі жөнінде түсіндіріп өтті. Құқықтық жүйедегі алдыңғы қатарлы халықаралық стандарттарды енгізу, соттардың құқық  қолдануын реттеуді жетілдіру бағытында құрылған кеңес құрамына он бес мүше енгізілген. Бұл кеңес  бірізді сот тәжірибесін қалыптастыруға көмек көрсетеді.

— Инвестициялар ми-нистрлігімен бірлесіп ағылшын құқығы принциптерін енгізу бойынша арнайы концепция әзірленуде. Халықаралық қаржы орталығы құрылуына орай арнайы сот қызмет етеді. Ол ағылшын құқығының принциптері бойынша жұмыс істейді. Он бір судья және үш маман «Болашақ» бағдарламасымен білімдерін жетілдіруде. Батыс Қазақстан облысының бір судьясы Англияда ағылшын құқығы принциптері бойынша оқып жатыр, — деген, А.Қыдырбаева озық елдердің тәжірибесі алдағы уақытта да қаралатынын, кадрлар дайындауда жаңаша әдіс-тәсілдер қолданылатынын атап айтты.

Сот жүйесіндегі өзгерістер-2

Қазір Қытай, Сингапур елдерінің сот жүйесі қарастырылуда екен. Қалай дегенде де, барлық даулар ашық әрі әділ өтуі тиіс. «Сот процестері аудио-бейне жазбалармен қадағаланады. Жұмыс сапасымен қатар, шағымдарға да мән берген жөн. Қызметінде мін болмаса да, шағым көп түссе оның өзі кемшілік саналады», — деп ескертті Жоғарғы Сот өкілі.

Кеңейтілген мәжілісте бірқатар сот алқаларының төрағалары мен үйлестіруші-судьялардың есебі тыңдалды. Судья әдебі жөніндегі комиссия төрағасы Раиса Аққұлованың айтуынша, сот төрелігін жүзеге асыруға байланысты судьяларға түскен шағымдар  былтырғы жылдың бірінші жартыжылдығындағы  жиында талқыға түсті. Екінші жартыжылдықта мұндай дерек тіркелген  жоқ. Жалпы, былтыр судьялар қызметіне қатысты түскен арыздар есепті мерзіммен салыстырғанда азайған.

— Азаматтық істерде татуластыру бойынша өңіріміз алғашқылардың қатарында. Жалпы, қызметімізді барлық бағытта  жақсарта түсеміз. Жас судьялар дайындауды жалғастыра береміз. Үйлестірушілермен бірлескен істің нәтижесін көреміз деген сенімдемін, — деді облыстық соттың төрағасы  М.Бектұрғанов.

Айбөпе Сабырова.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button