Жарнама
ЖаңалықтарСаясатШаһар шырайыЭкономика

«Атырау – Орал» тасжолы бұзылып, қайта жөнделмек

Өткен жылдың басты жаңалығының бірі – Атырау – Астрахан жолының қайта жаңғыртудан өтетіндігі. Елбасының Атырау облысына келген сапарында көтерілген мәселе жүзеге аса бастады. Құрылысшылар арнаулы техника, керек-жарағын әкеліп, дайындық жұмысын жүргізуде. «Атырау – Орал» жолының бұзылып, шаңы шығып жатқан тұсы да (50 шақырым) күрделі жөнделетіндігі белгілі болып отыр.

e3da3a296715f99faaf5ed1f4cdb0a70_XL

Құрылыс жұмысына ерекше маңыз берілуде

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қайрат Нұртаевтың айтуынша, мұнайлы өңірде жол құрылысына айрықша маңыз беріліп отыр. Жергілікті жердегі жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының ұзындығы – 3051, облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы 2061,6 шақырымды құрайды. Соның республикалық маңыздағысы – 990 километр.

– Өткен жылдың қорытындысымен жақсы және қанағаттанарлық күйдегі жол 1053,3 шақырым (51 пайыз), қанағаттанарлықсыз күйдегісі 1008,3 шақырым (49 пайыз) болған еді. Былтыр осы ахуалды айықтыру мақсатында ауқымды жұмыстар жүзеге асты, — деді басқарма басшысы.

Жүзеге асқан жобалар

Атырау мен Батыс Қазақстан облыстарының орталығын қосатын жолдың ұзындығы 487 шақырымды құрайды. «Қазавтожол» ҰК акционерлік қоғамы Атырау облыстық филиалының директоры Дәурен Ерғалиевтің айтуынша, соның мұнайлы аймаққа тиесілісі – 184 км. «Қазавтожол» ҰК акционерлік қоғамы мердігер мекемемен бірге біраз жұмысты жүзеге асырыпты. Жол жамылғысында пайда болған шұңқырларды жамау, сызаттар мен толқындарды кесу, жарықшақтарға шайыр құю, жол белгілерін орнату, ауыстыру, тағы басқа іс-шаралар уақытында, әрі сапалы орындалған. Осы мақсатқа былтыр 492,3 млн. теңге бөлінген еді. Ағымдағы жөндеу жүргізілген жобаның бірі–Атырау – Орал жолы. Оның 400-420 шақырым аралығына ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізіліпті.

OLYMPUS DIGITAL CAMERA

Ел мен елдің арасы жақындай түседі

Жалпы ұзындығы 552 шақырымды құрайтын Ақтөбе-Атырау-Ресей шекарасының (Астрахан бағыты) аралығын қайта жаңғырту жұмысы басталып жатыр. Жол осы заманның ең озық технологиясына негізделіп салынады. Еуропа қайта құру және даму банкі қаржыландыратын ауқымды жобаға қатысты халықаралық тендер жарияланып, мердігер компания анықталды. Жол құрылысында үлкен тәжірибесі бар «Сине Мидас Строй» ЖШС басшылары үмітті абыроймен ақтайтындарына сенімді болып отыр. Ал, мемлекеттік мекемелер қымбат жобаның сапалы жүргізілуіне ерекше маңыз беруде. Құрылыстың сапасы бес саты бойынша қадағаланады.

– Жасалатын жұмыс пен материалдардың барлық кіріс, операциялық және шығыс сапасын мердігер мен техникалық қадағалау мекемелері бақылайды. Жоба бойынша жасалуы жоба авторының назарында болса, жол-құрылыс материалдарының сапасына – «АтырауЖолЗертхана» жауапты. ГАСК мекемесінің де өзіндік міндеті бар, — дейді «Қазавтожол» ҰК акционерлік қоғамы Атырау облыстық филиалының директоры Дәурен Ерғалиев.

Халықаралық дәліз қайта пайдалануға берілгенде қазіргі үшіншіден екінші техникалық санатқа ауысады. Жол төсемі түгелдей ауыстырылып, қалыңдығы 79 сантиметрге жетеді. Ені 7-ден 9 метрге дейін кеңеймек. Екі жолақты жолдың құрылысында жаңа технологиялар қолданылады. Әр қабатына полимерлі қоспалар қосып, құрамын күшейтудің нәтижесінде бір белдікке түсетін жүктің салмағын 13 тоннадан асыруға мүмкіндік туады. Мамандардың пікірінше, жоба аясында аймақтың инфрақұрылымы түгелдей жаңартылады. Жол бо-йында 12 көпір, 21 суөткізгіш, екі демалыс алаңы, 20 автобус аялдамасы салынады. Ал, 7 көпірдің жанынан жаңасы тұрғызылып, ескілері құрылыс аяқталғаннан соң бұзылады. Күре жолдың қайтадан салынуы, күрделі жөнделуі ел экономикасының дамуына ерекше серпін береді. Барыс-келіс көбейіп, халықаралық тасымалдың көлемі өседі.

Бетті дайындаған: Азамат БАЗАРБАЕВ

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button