Атырау облысында Махамбет Өтемісұлын еске алуға арналған республикалық поэзия күні өтті
Бүгін, 19 мамырда Индер ауданында Махамбет мәңгілік мекен тапқан Қаройда батырды, ақынды еске алуға арналған поэзия күні ұйымдастырылды. Оның рухын ұлықтауға еліміздің әр өңірінен 500-ге тарта адам жиналды. Соның ішінде, қаламгерлер - Әнес Сарай, Сәбит Досанов, Ақұштап Бақтыгереева, Роллан Сейсенбаев, Есенғали Раушанов, Мереке Құлкенов, Серік Тұрғынбеков және батырдың өмірі мен шығармашылығын зерттеуші басқа да ақын-жазушылар болды.
Көрермендер үшін арнайы экскурсия ұйымдастырылып, жақын маңдағы этноауылда мерекелік дастархан жайылып, өнерпаздар Махамбет шығармаларынан концерт қойды. Ән əуелеп, күй төгілді.
— Қазақ даласында жеке бастың қамын ысырып, бостандықтың жолында жанын пида еткен тұлғалар көп. Махамбет Өтемісұлы — солардыңбірі де бірегейі. Махамбет — өз кезеңінде жұлдыздай жарқ еткен, Қазақ елінің мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлесін қосқан тұлға. Оның шығармалары бостандық жолындағы күресте азаматтарға рух берді. Біз бабалар мұрасын сақтап, кейінгі ұрпаққа аманаттауға тиіспіз, — деді шараға қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.
Концерт барысында батырдың өмірінен сыр шертетін театрландырылған көріністер де көрермен назарына ұсынылды.
А.Ертілеу.