Атырау халқы аяусыз өлтірілген 8 жасар қызбен қоштасты
Атырауда бүгін сегіз жасар Айкөркем Алдамжар жер қойнына тапсырылады. Бұл туралы NUR.KZ порталы «Мой Городқа» сілтеме жасап хабарлайды.
Қыздың жақындары БАҚ өкілдері мен камералардың қаптап жүргенін ауыр қабылдауда. Ал көршілері болса, ауыл тұрғындарының болған жайттан қорқып қалғанын айтып отыр.
«Ол өте белсенді, ақкөңіл қыз еді. Қашан да көрші балалармен ойнап, асыр салып жүретін. Артында інісі мен екі сіңлісі қалды. Олар отбасында төрт адам. Сабақты жақсы оқитын. Қылмыскер алыстан келген деп ойлаған едік, ол осы күнге дейін арамызда болып келіпті. Біз көршілермен бірге Айкөркемнің ата-анасына көңіл айтып, барып қайттық», — дейді көрші Зейнеп Әбдірова.
Көршілердің айтуынша, күдікті азамат Айкөркемнің үйіне іргелес жақын тұрған.
«28 жастағы күдікті үйленген, ұлы мен қызы бар. Он жыл бұрын ол бесінші сынып оқушысына тиіскен. Сол кезде жігітті кәмелетке толмағандықтан, түрмеге қамамады. Осы жолы өз жазасын алады деп үміттенеміз», — дейді Зейнеп.
Бүгінде «сексуалдық зорлық көрсетіп, қасақана өлтіру» бабымен күдіктелген азамат екі айға қамауға алынған.
Еске салсақ, Айкөркем 14 маусым күні жоғалып, оны бес тәулік бойы таппай келген. 19 маусымда қыздың мәйіті Орал өзенінен табылды. Келесі күні қаза болған қыздың көршісі қамауға алынған.