«Атырау» – финалда!
Футболдан ел кубогының жартылай финалдық ойындары аяқталып, ақтық сында кездесетін командалар белгілі болды. Биылғы жылдың 14 қазанында мұнайлы өлкенің «Атырау» командасы алматылық «Қайратпен» финалда жүздеседі.
Жартылай финалдың қарымта ойынында «атыраулықтар» өз алаңында Қарағандының «Шахтерін» қабылдады. Айта кетсек, қос команда арасындағы алғашқы кездесу қарсыластар алаңында өтіп, есеп алаң иелерінің үлесіне 1:0 есебімен аяқталған болатын.
«Мұнайшы» стадионындағы ойында қонақтар қорғаныс шебінен асып шыға қойған жоқ. Ойынның екінші таймында «атыраулық» ойыншылар Новица Максимович, Владимир Двалишвили мен Айбар Нұрыбеков Игорь Шацкий қорғап тұрған қақпаның саңылауын тапты. Есеп 3:0. Новица 11 метрлік айып добын орындаса, 69-минутта Владимир допты баспен ұрып, қақпаға дәл бағыттады. Ал, ойынның соңғы нүктесін Айбар Нұрыбеков 90-минутта қойды.
Оңтүстік астананың «Қайрат» командасы шымкенттік «Ордабасы» командасын 3:1 есебімен ұтып, финалға жолдама алды.
Арай СЕРІКБАЕВА,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау
мемлекеттік университетінің студенті.