Атырау – экономикалық өркендеу драйвері
Қазақстан ел дамуының үшінші жаңғыру кезеңіне аяқ басты. Нақты бағыт-бағдардан тұратын Президент Жолдауы индустриялық-инновациялық дамуға арналуымен құнды. Облыс активінің жиналысында аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев стратегиялық құжат аясында іске асырылатын міндеттер туралы баяндама жасады. Жиналысқа Парламент Сенаты мен Мәжілісінің бір топ депутаттары, еңбек ардагерлері, мәслихат депутаттары, қала, аудан әкімдерімен бірге, департамент, басқарма басшылары үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
«Еліміз тәуелсіздік алғалы бері өзіндік даму моделін, Қазақстан жолын қалыптастырды. Батыс елдері осыдан ғасырға жуық уақыт бұрын өтіп кеткен кезеңді біз 25 жылда қуып жеттік» деген облыс әкімі Нұрлан Ноғаев ел дамуының жаңа кезеңі басталғанын атап айтты.
Технологиялық өрлеу қалай жүзеге асады?
Жолдау аясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын әзірлеуді тапсырғаны белгілі. Осы тұста облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өңірде ІТ технология саласын дамытуды, мамандардың біліктілігін көтеруді қолға алуды міндеттеді.
«Балаларымызды мектеп қабырғасынан-ақ ғылымға тартып, ғылымға бет бұрған жастарға қолдау көрсетіп, олардың алаңсыз жұмыс жасауын қамтамасыз етуіміз қажет» деген облыс басшысы Нұрлан Ноғаев аймақтағы барлық жоғары және арнаулы оқу орындарын қажетті инфрақұрылыммен толықтай қамтамасыз етуді, оқу орындары жанынан немесе оқшау орналасқан зертханалар мен IT орталықтарды ашуға ықпал жасауды, сала мамандарын көбейту мақсатында бөлінетін мемлекеттік гранттардың кең ауқымын қарастыруды және түлектердің осы бағытта жұмыс жасауына жағдай туғызуды тапсырды.
Дәл қазіргі таңда Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде FabLab цифрлық зертханасы жұмысын бастады. Заманауи үлгідегі Қазақстандағы ең алғашқы зертхана саналатын ғылыми орталықта бүгінде 10-24 жас аралығындағы жастар тәжірибе жинақтауда.
Экспорттық өндіріс өрісі
«Қазақстан шетел инвестицияларын тарту ісіндегі көшбасшылығын сақтап қалуы тиіс». Бұл – Мемлекет басшысының Жолдау аясында берген негізгі тапсырмаларының бірі.
Өткен жылы аймақта шикізатты емес өнімдердің көлемі 60,4 миллион АҚШ долларын құрады. Бұл экспорттың жалпы көлемінің 0,5 пайызы екенін ескерсек, облыс әкімі Нұрлан Ноғаев экономикаға тікелей инвестор тартуда «ATYRAU INVEST» халықаралық форумының негізгі алаң болып отырғанын атап өтті. Forbes-2000 құрамына енген Schlumberger, Halliburton, Marubeni, SINOPEC Engineering (Group), Eni, Shell, Chevron сынды трансұлттық корпорациялардың бірқатары бүгінде біздің облысымызда табысты жұмыс атқарып жатыр.
Ал, кезекті инвестициялық форум сәуір айында өтеді деп күтілуде. Демек, отандық экономикаға инвестор тарту жалғаса береді.
Агросекторға – айрықша назар
Елбасы Жолдауында басымдық берілген бағыттың бірі – аграрлық секторды экономиканың жаңа драйверіне айналдыру. Осы бағыттағы басты жаңалық – аймақтағы 32 жылыжай шаруашылығына қосымша ретінде Индер, Жылыой ауданындарынан осындай кешендердің іске қосылатындығы. Жиын барысында негізгі жаңалықпен бөліскен облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Президент тапсырмасына сәйкес, ауыл шаруашылығы санатындағы жерді пайдалану тиімділігін арттыру көзделіп отырғанын айтты. Осы мақсатта суармалы егіс алаңын 5 жыл ішінде 40%-ға кеңейтіп, 2 миллион гектарға жеткізу көзделуде.
«Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың» 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында 2017 жылдың соңына дейін облыста 13 ауыл шаруашылығы кооперативін құру жоспарланып отыр. Күні бүгінде «Атырау — Чифтлик», «Нарын», «Аққыстау», «Бірлік Миялы», «Береке — 2» және «Бақсай» ауыл шаруашылығы кооперативтері жұмысын бастады. «Ендігі кезекте ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің тиімді пайдаланылуы және нақты игерілу заңдылығына тексерулер жүргізіп, игерусіз немесе мүлдем пайдаланылусыз жатқан ауыл шаруашылық жерлерін айналымға енгізу шараларын қолға алу керек» деп атап өтті облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.
Халықаралық әуежай қайта жасақталады
Жаңа еуразиялық логистикалық инфрақұрылымды дамыту – Елбасы тапсырмаларындағы маңызды басымдықтардың бірі. Осы ретте Атырау халықаралық әуежайы қайта жаңғыртылады. Бұл туралы мәлімдеген аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев «Атырау халықаралық әуежайы» АҚ тарапынан жолаушылар мен жүктер терминалының құрылысына техникалық-экономикалық негіздеме жасақталып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғанын хабарлады.
«Қазіргі таңда әуежайдың сағатына 350 жолаушыға ғана қызмет көрсететін мүмкіндігі бар. Бұл халықаралық рейстер талабын қанағаттандыра алмайды. Жаңа жоба бойынша сағатына 500 жолаушыға қызмет көрсету мүмкіндігі қарастырылған» деген облыс әкімі 2020 жылға дейін жолаушыларды әуе көлігімен тасымалдауды 8 пайызға арттыру жоспарланып отырғанына тоқталды.
Стратегиялық маңызға ие «Ақтөбе-Атырау-Астрахан» автомобиль жолы да күрделі жөндеуден өтеді деп күтілуде. Баяндамашының сөзінше, қазіргі таңда автомобиль жолының 432 шақырымы қанағаттанарлықсыз жағдайда. Жалпы ұзындығы 893 шақырым болатын жолдың облыс аумағынан өтетін бөлігі – 552 шақырым. «Жолдың 250 шақырымына жобалау-сметалық құжаттамасы дайын, қалғаны жасақталуда» деді облыс басшысы Нұрлан Ноғаев.
«Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасына сәйкес, биыл көп қабатты 36 тұрғын үй құрылысы салынады. Оның ішінде Береке, Нұрсая мөлтекаудандары бойынша комммуналдық, жалдамалы, несиелік негіздегі үйлер тұрғызылады. Атырау қаласындағы Самал ықшамауданын да жаңалықтар күтеді. Жеке тұрғын үй секторымен бірге, жер учаскелері бүгінде балабақша, емхана, әкімшілік ғимарат, спорт кешені және аллея алаңына жоспарланып отыр.
Бірыңғай цифрлық алаң құрылады
Президент Жолдауындағы кешенді міндеттің тағы бірі – еңбек нарығын жаңғырту. Осы мақсатта «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» жаңа бағдарламасы қабылданды. «Бағдарламаның бірінші бағыты аясында еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, аймақ бойынша 250 адамды техникалық және кәсіптік біліммен қамтып, 500 адамды қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарынан өткізу жоспарланды. Сондықтан, сұранысқа ие мамандық алған адамдар жұмысқа орналасуы тиіс» деген облыс әкімі Нұрлан Ноғаев екінші бағыт бойынша 750 адамды кәсіпкерлік негізде оқытып, 438 адамға несие беру көзделіп отырғанын мәлімдеді.
Ал, үшінші саты жұмысқа орналастыру бағытындағы бірыңғай цифрлық алаң құруды көздейді. Жаңа әдіс жұмыс іздеушілердің 40-50 пайызын бірыңғай цифрлық алаң арқылы жұмысқа орналастыруға және ақпараттық порталға тіркелген жұмыс берушілердің санын 1 мың бірлікке дейін көтеруге мүмкіндік береді деп күтілуде.
Бизнес орта кеңейеді
Жолдау бекіткен межеге сәйкес, елдің ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 2050 жылға қарай кем дегенде 50%-ға жетуі тиіс. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев осы мақсатта «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының бекітілгенін хабарлады.
«Бағдарлама шеңберінде жергілікті бюджеттен қаладағы кәсіпкерлерді несиелендіруге 210 млн. теңге, ішінара кепілдендіруге 97 млн. теңге бөлініп отыр. Ал, ауыл бизнесмендерінің жобаларын шағын несиелеуге биылғы жылы 100 млн. теңге қарастырылды. Сонымен бірге, «Даму» қорымен бірлесіп қаржыландыру бағдарламасы шеңберінде облыстық бюджеттен 250 млн. теңге қаражат бөлінеді» деп атап өтті баяндамашы.
Басты байлық – адами капитал
Президент Жолдауында адами капитал сапасын жақсарту мәселесіне айрықша маңыз берілген. Мемлекеттің басты капиталы адам десек, білім – болашаққа салынған қайтарымы мол инвестиция. Оның үстіне Елбасы тапсырмасымен биылдан бастап «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру жобасы» іске қосылатынын ескерсек, Атыраудағы қадамдар сәл ертерек басталып кетті.
«2014 жылдан бері Атырау облысында APEC Petrotechnic жоғары кәсіптік-техникалық мектебі жұмыс жасап келеді. Аталған оқу орнында қажетті мамандықтар бойынша жоғары техникалық білім беріледі. Барлық студенттер шетелдік тәжірибеде тегін білім алып жатыр» деген облыс басшысы Нұрлан Ноғаев жұмыссыз жастарды, студенттерді уақытша еңбекпен қамту мақсатында «Жасыл ел» еңбек жасақтары, құрылыс батальондары құрылатынын, 2 мың жасты жұмыспен қамту жоспарланып отырғанын мәлімдеді.
Жат ағымдармен күрес жалғасады
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауында «Қоғамда, әсіресе, діни қарым-қатынас саласындағы радикалды көзқарасқа байланысты кез келген әрекетке «мүлдем төзбеушілікті» қалыптастыру керек» деп атап айтты.
Жат ағымдармен күрестің негізгі тетігі ретінде біздің мемлекетіміз дәстүрлі ислам құндылықтарын насихаттау жолын таңдады. Күні бүгінде облыста 15 ақпараттық-түсіндіру тобы жұмыс істейді. Оның құрамында түрлі саланың 136 маманы бар. Өткен жылы жалпы аудиториясы 190 мыңға жуық адамды қамтыған 1300-ден астам профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды, 70 мыңға жуық ақпараттық материал үлестірілді.
«Қазіргі таңда облысқа 7 теолог-дінтанушы маман тартылды. Жат ағымдардан жапа шеккендерге консультациялық қызмет көрсету, оңалту жұмыстары да жүргізілуде. Былтыр діни мәселелер бойынша 811 адамға консультациялық көмек ұсынылды» деген облыс басшысы Нұрлан Ноғаев теологтар санын онға жеткізу жоспарланып отырғанын хабарлады.
Діни ағарту бағыты да нәтижесіз емес. Мәселен, өткен жылы дәстүрлі медиа мен интернет-ресурс кеңістігі арқылы 283 мақала, 125 сұхбат, 451 хабарлама, 2345 интернет материал таратылған. Соңғы үш жылда өзекті діни тақырыптарды қамтыған бір спектакль, бір көркем фильм, тоғыз деректі фильм, 42 бейнеролик дайындалған.
Рухани-танымдық, ағарту бағытындағы жұмыстар түзету мекемелерінде де жал-ғасуда. Қазіргі таңда жергілікті түзету мекемелерінде террористік және экстремистік сипаттағы қылмыстық баптармен сотталған 35 адам отыр. «Бірақ, біз басқа да қылмыстық баптармен сотталып, намазға жығылған адамдарды да ұмытпай, профилактикалық жұмыстар жүргізуді жалғастыруға тиіспіз» деп атап айтты облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.
Президент Жолдауы – мемлекеттің даму стратегиясын айқындайтын құжат. Әлеуметтік, экономикалық өрлеуге бастайтын Жолдау нақты міндеттерді қоюымен де ерекшеленіп отыр. Осыған сәйкес, облыстың алдағы даму межесі нақтыланған жиынға қатысушылар да сөз алып, көкейдегі ұсыныс-пікірлерімен бөлісті. Ендігі міндет – Жолдау аясында қабылданған бағдарламаларды, жоспарлы істерді нәтижелі жүзеге асыру.
Мүлікті жария етудің қорытындысы қандай?
2014–2016 жылдары жүргізілген мүлікті жария ету қорытындысымен облыс бойынша 52,7 млрд. теңгені құрайтын мүлік жария етілген. «Оның ішінде, 34,8 млрд. теңгені құрайтын ақша, 16,1 млрд. теңгені құрайтын жылжымайтын мүлік бар. Жалпы құны 278,3 млн. теңгені құрайтын мүлік шетелде орналасқан» деп мәлімдеді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.
Әлеуметтік көмек кімдерге тиесілі?
2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа нұсқадағы атаулы әлеуметтік көмек енгізіледі. Ол үш әлеуметтік төлемді біріктіреді.
– төрт және одан да көп балалары бар отбасыларға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы;
— аз қамтылған отбасылардағы 18 жасқа дейінгі балаларға берілетін мемлекеттік балалар жәрдемақысы;
— атаулы әлеуметтік көмек.
— 2016 жылы 840 пәтерлік 9 көп қабатты тұрғын үй;
— Қызылқоға ауданында 20 пәтерлік — 5, Құрманғазы ауданында 10 үй тапсырылды;
— облыста «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 300 пәтерлік 6 үйдің, «Бәйтерек» АҚ арқылы 717 пәтерлік 12 үйдің құрылысы жүргізілуде.