Жарнама
Жаңалықтар

Атырау аспанында – «Күй-Ұран»

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, Атырау облысы әкімдігінің бастамасымен елімізде тұңғыш рет Қазақстан Республикасының Халық әртісі, Мемлекеттік және Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты, «Парасат» орденінің иегері,  дәулескер күйші, дирижер, композитор Қ.Ахмедияров атындағы  «Күй-Ұран» атты  I Республикалық жеке домбырашылар байқауы өткізілгелі отыр. Осы шараның ұйымдастыру жұмыстарына жауапты Атырау облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени-демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығының басшысы, ҚР Мәдениет қайраткері Амантай Берғалиевтен өткелі отырған дүбірлі дода туралы сыр тарттық.

%d0%b0%d1%82%d1%8b%d1%80%d0%b0%d1%83-%d0%b0%d1%81%d0%bf%d0%b0%d0%bd%d1%8b%d0%bd%d0%b4%d0%b0-%d0%ba%d2%af%d0%b9-%d2%b1%d1%80%d0%b0%d0%bd

— Өңірімізде өткізілгелі отырған үлкен байқау дарынды күйші-композитор Қаршыға ағамыздың шығармашылығына арналады екен. Қазақтың ғажайып күйшісі, ғалым-композиторы Қаршыға Ахмедияровтың өзі 150-ге тарта күйдің авторы екенін білеміз. Қалың жұртшылыққа әйгілі «Күй  Қаршығасын» таныстырып жатудың өзі артық деп білеміз. Байқауға еліміздің барша өңірінен бақ сынайтындар баршылық болар?

— Иә, Қаршыға ағамыз – аз ғана ғұмырында қазақ музыкасында өлмейтін ескерткішін өзі жасап кеткен тұлға. Ол шын мәніндегі виртуоз еді. Құдай берген дарынының арқасында тек күй тартып қана қоймай, арғы-бергі өткен күйші бабалар мұрасын жинақтап, нотаға түсіріп, келер ұрпаққа аманаттауда жанкештілікпен еңбек еткен нағыз ғалым еді. Қазақ өнерінің жанашыры болатын. Ол –  талай ұлы сахналарда әлем жұртшылығын қазақтың қара домбырасының үніне тәнті қылған өз Отанының патриоты. Ахмедияровты ұлығылау – қазақ өнерін ұлығылау деп танимын өз басым.

Байқауға Алматы, Астанадан бастап, еліміздің өзге де өңірлерінен 21 күйші қатынасқалы отыр. Олар – өз аймақтарында қатаң сұрыптаудан өткеннен кейін ғана осы үлкен додаға жолдама алғандар.

Атыраудан қатысатындар туралы не айтасыз?

— Бізден Айнұр Сақыпова, Жәнібек Жәмиев,  Жадыра Миянова есімді жас домбырашылар Атырау намысын қорғайды деп отырмыз. Қатысушылардың барлығы дерлік консерваторияның, музыкалық академияның студенттері, түлектері.

— Байқауға нағыз кәсіби мамандар қазылық ететін шығар. Жалпы, сайыс шартының қандай да бір ерекшелігі бар ма?

  Әрине. Кез келген байқаудың рейтингісін көтеретін, әділдігін сараптайтын қазылар алқасының сапасы басты назарда ұсталады. Бұл конкурсқа ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы «халық музыкасы» факультетінің деканы, профессор Карима Сахарбаева мен күйшінің ұлы дирижер Ерболат Ахмедияров                                                              бастаған талғампаз топ қазылық жасайды. Байқау үш бағамнан тұрады. Еркін тақырыптан өзге домбырашының шеберлігін айғақтайтын тартылуға міндетті күйлер тізімі берілген. Бұл енді нағыз шеберлер бақ сынайтын байқау болады деп үміттеніп отырмыз. Қазан айының 12-13-і күндері өтетін байқау қорытындысы шыққан соң өнерсүйер ағайынға арнап, гала-концерт өткізуді жоспарлап отырмыз.

«Бойында Сейтектің сынығы, Махамбеттің өрлігі бар» деп дәріптелген Қаршыға Ахмедияров ғасыр күйшісі еді. Оның есімін келер дәуірлерге туын жықпай апару үшін де мұндай беделді шаралардың берері көп. Дәстүрге айналар жақсы бастамалар жалғасын табуына тілектеспіз.

Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА.

 

І  Республикалық «Күй-Ұран» домбырашылар байқауы 12-13 қазан күндері

Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияда, Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрында өтеді.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button