«Атырау-Ақпарат» мекемесінде медиа-музей мен интернет-канал ашылды (ФОТО)
Бүгін облыстық «Атырау» газетінің шыға бастағанына 95 жыл толуына арналған мерейтойлық шаралар басталды. Оның аясында аймақтық медиа-музей мен интернет-канал ашылды.
Атырау журналистикасында тұңғыш рет ашылған медиа-музейге (екі облыстық, жеті аудандық, «Атырау» телеарнасы) 400-ге жуық жәдігер қойылды.
Медиа-музей «Шежірелер сыр шертеді», «Журналист – оқиға ортасында», «Тарихы терең төларна» атты негізгі 3 бөлімнен тұрады.
«Атырау» газетінің 95 жылдық мерейтойына арнайы келген Қазақстан жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет пен «Атырау» газетінде көптеген жылдар редакторлық қызмет атқарған Қилыбай Қуанышбайұлы медиа-музейдің салтанатты түрде тұсауын кесті.
– Бүгін біз тағы да ерекше оқиғаның куәсі болып тұрмыз. Бұл музей – 95 жылдық тарихы бар газеттің ғана емес, бүкіл облыстың шежіресі. Осы өңір үшін терін төккен, көзінің майын тауысқан қажыр-қайратын жұмсаған адамдардың бүкіл тыныс-тіршілігі – осы музейде. Оның ар жағында облыстың экономикасы ғана емес, әдебиетіміз бен мәдениетіміз де тұр. Медиа-музей келешек ұрпақтар үшін үлкен қызмет атқаратына сенім білдіремін, – деді Қазақстан жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет.
Медиа-музейде алғыс хаттар, танымал тұлғалардың қолжазбалары, ардагер журналистердің фотосуреттері мен құралдары қойылған. Сондай-ақ, «Атырау» телеарнасында 1967 –1977 жылдары қызмет еткен журналистердің фотосуреттері ілінген қабырға және «Атырау-Ақпарат» баспаханасының өнімдері де бар.
Сонымен қатар, бүгінгі шара аясында «Атырау-Ақпарат» медиа порталы ашылды. Интернет каналдың тұсауын белгілі ақын, журналист, қазақ телевизиясына еңбек сіңірген, «ЮНЕСКО» сыйлығының иегері Жұмаш Кенебай мен «Атырау» облыстық телевидениесін бірнеше жыл басқарған Айтқали Нұрғалиев кесті.
Бұл интернет-каналда журналистерге барлық мүмкіндік қарастырылған.
Айта кетейік, мерекелік шаралар әрі қарай «Қазіргі қазақ журналистикасы: жаңа трендтер мен технологиялар» тақырыбында республикалық медиа-конференция мен «Ұлтқа–мұра, ұрпаққа – рух!» атты тарихи-танымдық экспедициямен жалғасады.