Жарнама
ЖаңалықтарМәдениетШаһар шырайы

Атырауға «Әкемтеатр» келді (ФОТО)

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры Атырау облысына гастрольдік сапармен келді. Атақты «Әкемтеатрдың» аңызға айналған қойылымдарын атыраулықтар 7-21 қыркүйек аралығында тамашалай алады.

QndjXit2OU21frXx3BbHnvZ8E19C1w

Театрдың директоры Ерлан Біләл және көркемдік жетекшісі аты аңызға айналған актер Асанәлі Әшімовтың өзі бастап келген «Әкемтеатрдың» гастролдік сапары бүгін Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрында сағат 19:00-де «Абай» трагедиясымен ашылады. Бұл спектакльдің автор – Мұхтар Әуезов, режиссері Есмұхан Обаев.

6179u10962_abay-gastroli

Атыраулықтар 8-ші қыркүйек күні «Таңсұлу» драмасын тамашалай алады. Ғарифолла Есімнің бұл драмасының режиссері Алма Кәкішева.

6181u10962_tansulu-gastroli

«Ел болам десең бесігіңді түзе». Қыз өсіруге ерекше мән берген қазақ үшін осы ұғым – қағида. Толықсып бойжетіп, өз теңіне ұзатылғалы отырған, атына заты сай Таңсұлудың тағдыры ғасырлар бойғы қазақ қыздарының еншісі. Тұтқынға түскен ару, көз құрты болған сұлулығын өз еркімен тәрк етеді. Ұрпағын аман сақтап, махаббатына да қылаң түсірмейді. Қанша қиын күн туса да мойымай, ұлына бабалар рухын жырлайды. Өзінің мұндай талайлы тағдырын он жасында түсінде көрген Таңсұлу – Ұлы Даланың жазылмаған заңы – тектілік пен намыстың символы десе болады.

Ал, 10-шы қыркүйекте «Ақтастағы Ахико» драмасы А. Маемировтің режиссерлігімен қойылады.

6178u10962_aqtastagy-akhiko-gastroli

Бұл спектакльге арқау болған оқиға – жапондық Ахико Тецуроның тағдыры. Ол Қарлаг түрмесіне 15 жасында түсіп, жан төзгісіз азапты торда 10 жыл отырған. Лагерьден өлімші халде босап шыққан ол қазақ анасының қамқорлығының арқасында тірі қалып, өмірге қайта оралады. Заман оңалғанда өз Отанына шақыру алып барғанымен онда тұрақтай алмай, Қазақстанға қайта оралған.

Ахико Тецуроның тағдыр жолы – сталиндік зұлмат жылдарда Қазақстанға қоныс аударған, айдалып, жазықсыз сотталып лагерьлерге әкелінген мыңдаған адамдардың, түрлі ұлт өкілдерінің тағдыры. Бүгінгі Қазақстан – достық, адамгершілік, биік рух мекені.

Карлаг қасіретін қазақ сахнасында алғаш рет бейнелеп отырған қойылым Еліміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналады.

11 және 20 қыркүйекте Дулат Исабековтің «Жүз жылдық махаббат» драмасы сахналанады. Заманынан озып туып, соңына өшпес рухани мол мұра қалдырған, көрнекті ақын, Алаш ардагері Мағжан Жұмабаев тағдырының ақтаңдақты тұстары аз емес. Халық жауы науқанымен екі рет ұсталып, қырық төрт жыл ғұмырының он жылын қапаста, түрмеде өткізген ақынның қасіретті тағдыры спектакльде аяулы жары Зылиханың естелігі арқылы беріледі.

6186u10962_zhuz-zhyldyq-makhabbat-gastroli

12 қыркүйекте «Бақыт кілті» қойылымы өтеді. Жас драматург, театрлар байқауының жеңімпазы Қ.Мұраттың үлкен сахнадағы алғашқы драмасы бүгінгі күн тақырыбына арналған. Заман талабына сәйкес кәсіпкерлікке бет бұрған іскер жігіт Бауыржан тәуекелге бел буып, тұралап қалған алтын кенішін қайта жандандырып, ел игілігіне жұмыс жасатпақ. Бірақ, кеніштен көлеңкелі жолмен пайда тауып отырған бұзақы топ бар, бөлінген инвестициядан өз үлесін алуды көздеген сыбайлас жемқорлар бар –бұған оңайлықпен жол берер емес, тіпті оның жеке басына қауіп төндіреді. Зұлымдық пен ізгіліктің, жалғандық пен ақиқаттың текетіресінде намысшыл да жаңашыл жас ұрпақтың жеңіске қалай жеткенін көркем бейнелейтін қойылым бүгінгі күннің ащы да жасампаз шындықтарын алға тартады.

6177u10962_bakyttyn-kilti-auezov-teatry-gastroli

13 және 18 қыркүйекте «Қоштасқым келмейді!..» драмасы сахналады. Терең психологизммен ерекшеленетін көрнекті орыс драматургы А.Володин пьесасы бойынша қойылымға ажырасуға бел буған сегіз отбасының әрқилы тағдыры арқау болады. Жасы, әлеуметтік мәртебесі, дүниетанымы жағынан әртүрлі бірнеше шаңырақ иелері сан түрлі өмір драмасына ұшырап, күмән-күдікке, тәкаппарлыққа бой алдырады – бақытты кездесулер баянсыз қоштасуларға ұласқалы тұр. Некелерін бұзуға сотқа келген оларды татуластырмаққа судья барын салады. Алайда өзімшіл ерлі-зайыптылар бірін-бірі тыңдаудан, түсінуден қалған…

6185u10962_qoshtasqym-kelmeydi-gastroli

Шарттылық белең алатын қойылымда әр кейіпкер әртүрлі таным, жеке дүниетанымын алға тартады. Әрбір кейіпкер, яғни әрбір адам – жеке әлем, тек сол әлемге үңілу, оны түсіне, қажет болса кешіре білу – үлкен қасиет. Негізінен театрдың жас буыны қатысатын спектакль өмірдің осы бір қарапайым да күрделі пәлсапасы туралы ойларға жетелейді.

14 және 16 қыркүйекте Ғабит Мүсіреповтің «Қыз Жібек» музыкалық драмасы Е.Нұрсұлтанның режиссерлігімен қойылмақ.

6184u10962_qyz-zhibek-gastroli

Қазақтың лиро-эпостық жауһар жыры «Қыз Жібек» махаббат гимні десе болады. Осы эпос негізге алынған бұл туындыға да Қыз Жібек пен Төлегеннің жүрек тербірентер қайғылы махаббаты арқау болған. Оқиғалар негізінен жағалбайлы руынан шыққан батыр Төлеген, шекті руының сұлуы Жібек және ел арасында ержүректігімен, күш-қайратымен аты шыққан батыр Бекежан арасындағы қарым-қатынастар төңірегінде өрбиді де, ақыры Төлеген қызғаныштың құрбаны болады. Сүйгенінсіз Жібекке де өмір жоқ… Ел бірлігі мен тұтастығы идеясы қатар өріліп, халықтың ой-арманы мен аңсары танылатын, бояуы жарқын қойылымда ұлттың өмі­рі­мен тығыз байланысты дәс­түрлер де – бата сөз, қарғыс, жоқтау, зар, көңіл айту, қоштасу және т.б. жақсы көрініс тапқан.

15 және 21 қыркүйекте көрнекті жазушы-драматург, жерлесіміз Рахымжан Отарбаевтың «Бейбарыс сұлтан» тарихи драмасы сахналанады. Режиссері – Ю.Ханинго-Бекназар.

6180u10962_beybarys-sultan-gastroli

Дешті қыпшақ ұланы, он жасында жетім қалып, құлдыққа өзге елге сатылып кеткен Сұлтан аз-Захир Бейбарыс (1223-1277) – қатардағы құлдан Мысыр елінің ойлы да кемеңгер билеушісі дәрежесіне дейін көтерілген тағдыры өте күрделі, қарама-қайшылықты тұлға. Қаншалықты биік атақ-даңқ пен аса зор билік әлеуетіне ие болса да Бейбарыс бабамыздың жүрегін мәңгілік бір сағыныш сыздатып өткен. Туған ел-жеріне, сайын даласына, жусанның ашқылтым иісіне деген сол сағыныш – спектакльдің де негізгі лейтмотиві. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дегенді халық бекер айтпаса керек…

17 қыркүйекте Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббат» драмасы Ә. Рахимовтың режиссерлігімен қойылады.

6183u10962_moldir-makhabbat-gastroli

Бүркітті бай баласы деп мектептен шығарды, газетке жазды, әкесін түрмеге жапты, сүйгенін басқа біреу алып кетті. Жаңа жауған аппақ қардай кіршіксіз махаббатты өмірдің дауылы неге шайқады? Қазақ әдебиетінің классикасы саналатын «Мөлдір махаббат» романы бойынша қойылған спектакль мәңгілік бірге боламыз деген Бүркіт пен Бәтестің тағдыры, Мүсәпірдей адамдардың мүсәпір халы арқылы халқымыздың қилы кезеңді тарихынан сыр шертеді…

19 қыркүйекте «Тендерге түскен келіншек» драмасы қойылады. Бұл драмада бүгінгі күн оқиғасы бейнеледі. Машинамен кісі қағып кеткен жалғыз ұлдарын пара беріп соттан құтқармақ болып шарқ ұрған ерлі-зайыпты. Ақыры әйелі «тендерге түсіп» сатылады. Нәтижесінде драма кейіпкерлерінің бәрінің малы түгел. Тек бәрінен түңілген, «намыстан өлген» отағасы ғана тентіреп кетеді… «Баланың жолында жан құрбан», – дейді ата-ана. Бірақ, шаңырақты ортаға түсірген мұндай құрбандықта мән бар ма?!

6182u10962_tenderge-tusken-kelinshek-gastroli

Билеттер театр кассасында сатылады. Бағасы – 1000 теңгеден.

Келіңіздер, көріңіздер, ағайын!

Нұрсұлтан ЕРТУҒАНҰЛЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button