Асыраушысы өмірден өтсе…
Оқырмандар асыраушысынан айырылуына байланысты берілетін жәрдемақы туралы жиі сұрайды. Осы өтініш-тілектерін қанағаттандыру мақсатында Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің мамандарына жолыққан едік.
– Еңбек, əлеуметтік қорғау жəне көші-қон комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызмет түрлерінің бірі – асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жəрдемақы төлейді. Жəрдемақыны асыраушысы қайтыс болған отбасының еңбекке жарамсыз, оның асырауында болған мүшелері ала алады. Бір сөзбен, бұл жəрдемақы үйдегі ересек адамның асырауында болған кəмелетке толмаған отбасының мүшелеріне төленеді, — деді департаменттің №1 зейнетақы жəне əлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің бас маманы Надежда Наурызбаева. – 18 жастан асқан білім алушы азаматтардың асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша күндізгі оқу нысанындағы жалпы орта, техникалық жəне кəсіптік, орта білімнен кейінгі жүйеде, жоғары жəне оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесінде оқу орнын бітіргенге дейін, бірақ 23 жастан аспайтын шекте жəрдемақы алуға құқығы бар. Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жəрдемақы алуға құқығы бар кəмелетке толмаған балалар мен жасөспірімдер бұл құқықты өздерін асырап алған кезде де сақтай алады.
– Енді осы жəрдемақының мөлшеріне тоқталсаңыз.
– Асыраушысынан айырылуына байланысты мемлекеттік əлеуметтік жəрдемақы мөлшерлері мынадай:
Жанұядағы еңбекке жарамсыз 1 балаға 29 500 теңге,
Жанұядағы еңбекке жарамсыз 2 балаға 51 110 теңге,
Жанұядағы еңбекке жарамсыз 3 балаға 63 459 теңге,
Жанұядағы еңбекке жарамсыз 4 балаға 67 232 теңге,
Жанұядағы еңбекке жарамсыз 5 балаға 69 634 теңге,
Жанұядағы еңбекке жарамсыз 6 жəне одан көп балаға 72 378 теңге,
1 тұлдыр жетім балаға 40 477 теңге, 2 тұлдыр жетім балаға 80 954 теңге,
3 тұлдыр жетім балаға 121 430 теңге,
4 тұлдыр жетім балаға 161 908 теңге,
5 тұлдыр жетім балаға 202 385 теңге.
Лиза СЕЙТІМОВА