ҒАСЫР ДЕРТІМЕН КҮРЕС – ҚОҒАМНЫҢ ОРТАҚ МІНДЕТІ

Елімізде 24068 қазақстандық азаматта АИТВ инфекциясы тіркелсе, 1993 жылдан бері облыста 149 отандасымыз бен 57 шетелдік азамат осы дертке шалдыққан. Ал, ағымдағы жылдың өткен он айында 13 адам АИТВ жұқпасымен тіркелді, оның үшеуі — шетелдік. Бұл деректер «Атырау-Ақпарат» жанындағы коммуникация қызметінде ЖИТС-ке қарсы күрес күніне орай өткен баспасөз мәслихатында келтірілді.

Облыстық ЖИТС орталығы бас дәрігерінің орынбасары Ағилаш Қарақұлованың айтуынша, егер бұрын АИТВ жұқпасы инемен есірткі тұтыну арқылы таралса, соңғы жылдары жыныстық жолмен берілу үлесі 80 пайызға жеткен. Індет негізінен жастар арасында таралып отыр, вирусты жұқтырғандардың 60 пайызы – 20-39 жас аралығындағылар. Бір өкініштісі сол, иммун тапшылығының вирусын жұқтырған жүкті әйелдер де анықталуда.

– Антиретро вирусты препараттар Қазақстанда 2005 жылдан бастап қолданыла бастады, ал, Атырауға 2008 жылы келді. Осыдан он шақты жыл бұрын вирус жұқтырған адам күніне сегіз дәрі ішсе, қазір ыңғайлы препараттар шықты. Пациенттерге қазір күніне бір дәріден береміз. Тек уақытылы жауапкершілікпен ішіп тұрса болғаны, – дейді аталмыш орталықтың емдеу бөлімінің меңгерушісі Баян Аустниязова.

Ал, әр адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы тиіс екендігін тағы ескерткен орталықтың алдын алу бөлімінің меңгерушісі Маржан Есбергенова әр адам қалауы бойынша өзі тіркелген емханаларда немесе орталыққа келіп, иммун тапшылығы вирусына жылына кем дегенде бір рет тегін тексеріле алатынын жеткізді.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз