АСТАНА КҮНІ ҮЙЛІ БОЛДЫ
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы аясында салынған 54 пәтерлік бұл үй кезекте тұрған отбасыларға берілді. Оларға жаңа баспананың кілтін Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев салтанатты жағдайда табыс етіп, қуаныштарына ортақтасты.
Елордамыздың туған күнін мұнайлы өлке жұртшылығы да жақсы көңіл-күйде қарсы алды. Себебі, бірнеше жыл бойы баспана кезегін күткен жандар жаңа үйдің кілтіне ие болып, қос мерекені қатар атап өтті. Атырау қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Арман Әділғалиевтен білгеніміздей, аталған үйге кезекте тұрған 12 аз қамтылған отбасы, 27 мемлекеттік қызметші мен бюджеттік мекеме мамандары, 14 «Балалар үйінің» түлегі мен бір апатты үй тұрғыны қоныстанды. Барша атыраулықтарды айтулы мерекемен құттықтаған қала әкімі Нұрлыбек Ожаев жыл сайын Астана мерекесіне орай тұрғын үйлердің пайдалануға берілуі игі дәстүрге айналғанын атап өтті:
— Мемлекет есебінен салынып жатқан үйлер кезек бойынша иелеріне табысталуда. Осындай әсем ғимараттар туған шаһардың шырайын келтіруде. Бүгінде пәтерлер «балалар үйінің» түлектеріне, бюджеттік сала қызметкерлері мен аз қамтылған жанұяларға беріледі. Жыл соңына дейін тағы да бір мыңға тарта жалға берілетін пәтерлер өз иелерін таппақ,-деген Нұрлыбек Жұмахметұлы салтанатты жағдайда кілттерін үй иелеріне табыстады. Жаңа баспана алғандардың қуанышында шек болмады.
Алғаш болып пәтер кілтін иемденгендердің бірі – Қанзиба Қайырдың облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында қоймашы болып жұмыс істегеніне 37 жылдан асыпты. Өңіріміздегі аудандардың бірінен қоныс аударған ол он төрт жыл бойы үш бала-келінімен, бес немересімен шағын жатақханада тұрып келіпті. Мереке күні үш бөлмелі пәтер алған ананың алғыстан басқа айтары болмады. «Бұған дейін басымнан өткізген қиындығым қуанышты сәтті көргенде ұмытылып кетті. Оның үстіне, бұл күн мерекемен тұспа-тұс келіп отыр. Той тойға ұлассын»,-дейді ол.
Баспаналы болғандардың бірі — Ульяновтар отбасы. «Балалар үйінің» түлегі елімізде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қолдау жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын айта келе, тұрғын үйге ие болуының өзі келешекке оптимистік көзқараспен қарауға мүмкіндік беретінін атап көрсетті. «Егеменді елдің болашағы мықты болсын»,-деген тілегін білдірген Ульяновтар жанұясының кішкентай мүшесі, бес жасар Виолетта «Әрқашан күн сөнбесін» әнін қазақша орындағанда өнеріне сүйсінбеген жан қалмады.
Сонан соң қала әкімі қоныстанушылармен бірге пәтерлерді аралап көрді:
— Мерекеде жаңа үйдің иелеріне пәтер кілтін табыстап отырғаныма өзім де қуанып тұрмын. Шындығында, мұндай мүмкіндік Елбасының көрегенді саясаты мен облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің қамқорлығының арқасында жасалынуда. Ұлт көшбасшысының еңбегі зая кетпеді. Астана арман қалаға айналды,-деген шынайы лебізін білдірген ол жаңа мекенге көрімдік ретінде бағалы сыйлықтарды тарту етті.
«Шаңырақ» балалар үйінен шыққан екі баланың анасы Оксана Калягинаның сіңлісі мен інісі де кезек бойынша пәтерге ие болыпты. Енді өзінің баспана алғанына қуанған ол бұған дейін пәтер жалдап жүргенін, талай қиыншылықты басынан кешіргенін көзіне жас ала отырып әңгімеледі. Бірақ, жас та болса өмірдің талай соқпақтарынан өткен ана Үкімет тарапынан көрсетілетін көмекті ұдайы сезініп келетінін жасырмады.
Ал, апалы-інілі Асланбек Жұбанышев пен Анаргүл Мұхамбетова кәмелет жасына толғанға дейін апасы Айгүлдің қамқорлығында болған. Он жылға тарта уақыт бойы оқытып-тоқытқан апасы мұндай жағымды жаңалықты естігенде сенер-сенбесін де білмепті. «Осынау сәтті тоғыз жыл бойы күттік. Қолымнан келгенше, ата-анамыздың өмірден ерте кеткенін бауырларыма білдіртпеуге тырысып бақтым. Бірақ, өзімнің де отбасым бар. Сондай-ақ, бауырларым да өздері де отбасын құратын жасқа жетті. Енді олардың да өз баспанасы болады»,-дейді әңгімелесушіміз.
Аз қамтылған отбасылардың бірі Зәуреш Игесинова жолдасы өмірден өткеннен кейін үш қызын бір өзі өсіріп келеді екен. Оның біреуі жастайынан мүгедек болса, кейінгілері жұмыссыз жүрген көрінеді. «Жолдасым қайтқаннан кейін енем үйімізді сатып жіберді. Амалсыздан сегіз жыл бойы қыздарыммен анамның үйінде тұрдым. Балалар өскесін шағын үй таршылық етеді ғой. Осыған дейін «Нұрсая» ықшамауданында пәтер жалдап жүрдім. Балаларымның қамымен жекеменшік мекемеде еден жуушы болып жұмыс істеймін. Кезекте тұрғаныма 14 жыл дегенде өз үйімізге қол жеткізіп отырмыз. Бұдан асқан бақыт бар ма?» — деді қуанышын жасыра алмай З.Игесинова.
Астана күні қоныстанушыларына есігін айқара ашқан Ғаббас Берғалиев көшесіндегі №75 үйден бірнеше жыл бойы пәтер кезегінде тұрған әріптесіміз Дәурен Мұхамбеталиев те жаңа пәтер кілтіне ие болды. Жақында шаңырақ көтерген Дәуренге ұжымдастары атынан «Қонысың құтты болсын!» деген ақжарма тілегімізді біз де білдірдік.