Әскерилер де қол ұшын созды
Атыраудағы 41433 әскери бөлімінің қызметшілері Құлсары қаласында су тасқынының алдын алуға көмектесуде. Әскерилердің жылыойлықтарға жетуі үшін Атырау қаласының әкімдігі автобус ұсынды.
–Қазір жеке құрам жергілікті атқарушы органдар мен тұрғындарға жағалауды нығайту жұмыстарына көмектесіп жатыр. Топырақ толтырылған қаптарды дайындау және төсеу жұмыстары жасалып жатыр. Бұл учаскеге барлығы 50 әскери қызметші жұмылдырылды, — дейді аталған әскери бөлім ротасының командирі, аға лейтенант Суярхан Уәлихан.
Сондай-ақ Индер ауданы маңындағы су тасқынына қарсы іс-шараларға 50 адамнан тұратын жеке құрам көмек көрсетуде.
Айта кету керек, облыс әкімдігі мен «Батыс» өңірлік қолбасшылығының басшылығы арасындағы келісім бойынша аймақтағы су тасқынына қарсы іс-шараларды ұйымдастыруға көмектесу үшін барлығы 150-ден астам сарбаз бөлінеді.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ