«Ашық есік күніне» 2000-ға жуық атыраулық қатысты (+ФОТО)
Аtr.kz/30 сәуір, 2019 жыл. Атырау облысында «Ашық есік күніне» 2000-ға жуық адам қатысты.
26 сәуірде Атырау облысындағы қалалық, аудандық, ауылдық әкімдіктерде, білім беру, денсаулық сақтау, спорт және әлеуметтік мекемелерде ашық есік күні өтті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Ашық есік күніне жалпы саны 1770 адам қатысып, 1700-ден астам сауал қойылды. Әкімдіктер «Ашық есік күнін» мемлекеттік қызмет жәрмеңкесі қағидасы бойынша ұйымдастырып, кездесулер өткізді.
— Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевтың тапсырмасымен барлық әлеуметтік мекемелерде кездесулер өтті. Шараның мақсаты — мемлекеттік органдар мен әлеуметтік мекемелердің тұрғындармен өзара байланысын нығайту,- деп хабарлады Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, Ашық есік күндері әр айдың соңғы жұмасында өтеді.
Жұртшылық пен мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланысты жақсарту бағытында қала мен аудандардың әкімдеріне ай сайық Ашық есік күнін ұйымдастыру туралы тапсырма берілген болатын. Бұл бастаманы Атырау облысының әкімі 2019 жылдың қаңтарында Жылыой ауданында өткен көшпелі отырыста айтты.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев облыс әкімдерімен жиналыста барлық деңгейдегі әкімдерге халықпен жиі кездесіп тұру туралы тапсырма берді.