Ас беру әдебін сақтап жүрміз бе?.. (+ҮНДЕУ)
Atr.kz/ 11 сәуір, 2019 жыл. Жақында «Atyraý» газетінде аймақтың бас имамы Батыржан Мансұров кісі қайтқандағы «күзеттің» форматын өзгерту туралы мәселе көтерді. Бүгін осы тақырыпқа қайта оралып отырмыз.
Айтып келмейтін ажал кейде ағайын-туысымызды, кейде көрші-қолаңымызды, тағы бірде құда-жекжат, таныс-тамырымызды қапыда алып кетіп жатады. Көпшілігіміз жаманат хабар естілісімен-ақ қолдан келер шарамыз болмаса да қаралы үйге барып, жақын-жуықтарына, жоқтаған адамдарға басу айтуды адами борышымыз деп есептейміз.
Ал, адамынан көз жазып аңырап қалған шаңырақ өксігін баса алмай отырса да амалсыздан өлім хабарын естіп топтанып кеп бас сүйеген адамдарды күту қамына кіріседі. Келімді-кетімді кісіге арнайы дастархан жайылып, ас-аухат дайындала бастайды. Көңіл айта келгендерге міндетті түрде дастарханнан дәм тату ұсынылады. Шәй ішіледі, кей кезде тіпті ыстық тағам да беріліп жатады. Мұның бәрі – марқұмға жаназа оқылғанға дейінгі күндерде жасалатын жұмыстар.
Жаманат болған үй ауласы мен бөлмелері кең жер үй болса бірсәрі, қаладағы көп қабатты үйлердегі пәтерлерде тұратын адамдардың кісі күту жағдайы мұндай кезде тіпті ауырлап кетеді. Онсыз да айналымға келмейтін тар үйге адамдар легі келгенде үйдің тарлығы қатты сезіледі. Осындай жағдайда пәтердегі бөлме саны бір немесе екі бөлмелі болса тіптен қиын. Екі бөлменің біріне марқұмның жансыз денесі қойылса, көңіл айтушыларды қабылдауға бір-ақ бөлме қалады. Жаңағы дәм ауыз тиер дастархан амалсыздан көршілердің үйіне жайылады. Әрине, оның да жүзеге асуы көршілік байланысыңның деңгейіне байланысты. Бүгінгі күні, кейбір көп қабатты үйлерде тұратын 15-20 пәтердің адамдары күн сайын көріп жүрсе де бір-бірін танымайтын жағдай орын алған.
Жер үйлерде де, көп қабатты үйлерде орналасқан пәтерлерде де мұндай жағдай болған кезде жаназаға жиналушыларға дастархан жаюы үшін жиналмалы палаткалар құрылып, сүйек шыққан күні көпшілікке ас мәзірі беріледі. Дастарханға сан түрлі тәттілер мен жеміс-жидектер, қазы-қарта мен сан алуан салат түрлері, тары-талқан мен қаймақ қойылады. Бауырсақ пен шелпек беріледі. Осы аталған тағамдардың бәрі дастарханда болуы жазылмаған шарт тәрізді. Бұлар қойылмаса, жұрттың сөзіне, табасына қаласың.
Марқұмның үш және жеті күндік қадесін өткізу артында қалған ағайын-туысқа тіптен қиындай түседі. Бұл қаделерді жаңағы жиналмалы палаткаларда өткізу қолайлы болғанмен, көпшіліктің сөзі мен көзінен қашқан ағайындары жұрттан қалмай тойхана немесе мейрамханада өткізеді. Бұл да бүгінгі таңда қалыпты жағдайға ұласқан. Тағы да, тойға лайықтап жайылған дастарханнан еш кем емес ас мәзірі беріледі. Қалған 40 күндік, 100 күндік, бір жылдық қаделерінде де осы жағдай, осы көрініс қайталанады. Дүниеден өткен адамның артында қалғандары мейрамхана жалдап бір шашылса, дастархан мәзірін жайнатып қоямын деп тағы шығындалады. Тіпті, кейде қадені өткізу үшін банктен несие алған отбасыларды да естіп жүрміз.
Неге той дастарханы мен қадеге жайылған дастарханның арасында айырма сақталмайды? Дүниеден өткен адамды еске алып, ол кісі туралы естеліктер айтылған жерде, жалпы өлім еске түсетін дастарханда отырып, тамақты қалайша құштарлана, сүйсіне жеуге болады?
Сонау 80-ші, 90-шы жылдары қаделерде дастархан үстінде бауырсақ пен шелпек, тары мен талқан, құрт пен қаймақ қана қойылушы еді. Сол кездегі қаделерде расымен де өлім болған үйге келіп отырғандығың сезіліп, қазаға байланысты жайылған дастарханда отырмын деген сезім өздігінен келетін еді. Бүгінгі күні адамдардың бойынан ондай сезімталдық байқалмайтын тәрізді. Керісінше, кейбір қаделерге барғанымызда адамдардың ерсілене күліп, мешкейлене тамақтанып отырғанын байқаймыз. Жақынынан айырылған жанның қайғысына шынайы қайғырып, дастархан басында айтылған естеліктер мен тілектерді зейін қойып тыңдағандары дұрыс болатын еді ғой дейсің.
Жалпы, осы келеңсіздіктерді шешудің жолы қандай? Алдымен, өлім болған үйге көңіл айта барғанда (жаназа шығарылғанға дейін) дастарханнан дәм тату үрдісін қысқартсақ. Екіншіден, қаделерде жайылатын дастарханға қарапайым реңк енгізсек. Яғни, қаде мәзіріндегі сан түрлі тағамдарға шектеу қою. Жергілікті аймақ немесе ауыл адамдары дастарханға қойылуға рұқсат тағамдарын белгілеп, біркелкілікке түссек. Үшіншіден, әркім қаделерге қатысқанда өз-өзін ұстау әдебін қалыптастырса игі болар еді.
Мұрат МҰСТАФАЕВ,
облыстық «Иманғали» мешітінің наиб имамы:
– Иә, құдайы ас берудің өзіндік әдебі, тәртібі болғаны қажет тәрізді. Себебі, той мен қадеге жайылған дастарханда еш айырма жоқтың қасы. Меніңше, қаде дастарханын тамақтың сан түрімен толтыру артық. Мұны дініміз де құптамайды. Қасиетті Құранда: «Ішіңдер, жеңдер, бірақ ысырап етпеңдер. Алла ысырап етушілерді сүймейді», – деген аят бар. Мұсылманға ас беру – сауапты іс. Бірақ, ысырап ету күнә саналады. Сондықтан, шектен тыс шығынға батып, ысырап етуге болмайды.
Құрман АМАНҒАЛИҰЛЫ,
жеке кәсіпкер:
– Соңғы кездері қаделерге жайылған дастархандарда тамақтың сан алуан түрі қойылатын болды. Ал, келуші адамдар сол тамақтарды жарытып жемейді. Өйткені, бұл той дастарханы емес қой. Сол себепті, қаде дастархандарында бауырсақ пен шелпек, тары-талқан, қаймақ пен құрма ғана қойылса, жетіп-артылатын секілді. Ал, қаде дастарханына басы артық нәрсе қою мақтаншылыққа, ысырапшылдыққа, бәсекелестікке, құр босқа шығындалуға апарады.
Жаназа дастарханына ұсынылған ас мәзірі:
бауырсақ,
жеті шелпек,
тары — талқан,
қаймақ,
сары май,
құрма,
өрік — мейіз,
бір ыссы тамақ (күріш)
Атыраулық имам-молдалардың
ҮНДЕУІ
Біз, Атырау қаласы имамдары Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар Кеңесінің XV отырысында бірауыздан қабылданған «ЖАНАЗА ЖӘНЕ ЖЕРЛЕУ РӘСІМДЕРІ» атты мұсылман халқының дүниеден өту, жерлеу, ас беру дәстүрлеріне негізделген жаңа пәтуасын ел арасында жүзеге асыруды қолдаймыз.
Біріншіден, садақа (құдайы ас) дастарханы барынша қарапайым болғаны абзал. Ыбырай Алтынсарин, Әубәкір Диваев, Құбанғали Халид және өзге де зиялы қауым өкілдері қазақ халқының садақа дастарханында ет, бауырсақ, қымызбен қатар ұлттық тағамдардың ғана болғанын жазған.
Атырау облысының мұсылман тұрғындарын және асхана мен мейрамхана басшыларын садақа асын өткізу барысында ысырапшылықты сақтауға шақырамыз.
Екіншіден, жаназадан бір күн алдын қонақасы берілетін болса, яғни күзетке көңіл айту үшін келген жекжат-жұрағатқа қонақасы дастарханын арнайы мейрамханада өткізбей-ақ, үйде және ас-тағамсыз өткізуді ұсынамыз.
Үшіншіден, садақа асын сөз жарысқа айналдырмау. Көңіл айтушы адам артында қалған отбасы мүшелеріне жұбату сөзін айтумен шектелсе дейміз. Бірнеше адамның көңіл білдіруі жеткілікті.
Төртіншіден, жамағатты жаназа намазына қатысуға, сап тысында қалмауға шақырамыз. Дәрет алып, жаназа намазына қатысу – марқұмға білдірген нағыз туыстық жанашырлықтың көрінісі деп санаймыз. Пайғамбар (с.ғ.с.) өсиеттерінде жаназа намазына 40 мұсылман адам қатысқан жағдайда марқұмға Алланың жеңілдігі болатыны білдірілген.
Бесіншіден, жаназа намазы алдында митинг жасауды доғару. Өйткені, ол шариғатта көрсетілген іс емес. Және мәйітті себепсіз күттіру дұрыс емес.
Алтыншыдан, мәйітті ақтық сапарына шығарып салу рәсімдерінің барлығын Діни басқарма бекіткен жаназа пәтуасы аясында жүзеге асыруға үндейміз. Мәйітті күттірмес үшін жаназа намазынан соң Құран оқымай бірден жерлеуге алып кеткен жөн.
Жетіншіден, қабірге қатысты ҚМДБ бекіткен пәтуаны басшылыққа алуды ұсынамыз. Қабір басына белгі ретінде құлпытас қоюға рұқсат. Қойылған құлпытасқа сурет салуға, мүсінін ойып, пәнилік көріністерді білдіретін түрлі кейіптер жасауға болмайды. Тасқа мәйіттің аты-жөнін, туылған және дүниеден өткен күнін жазуға, ай белгісін қоюға рұқсат. Құран аяттары аяқасты болып кетпес үшін жазбаған жөн. Қабір тапталып, аяқасты болмауы үшін қоғамдық зиратты тұтас қоршаған абзал.
Біз, Ғұламалар Кеңесі бекіткен және қазақ ұлттық дәстүріне сәйкес Жаназа пәтуасын басшылыққа алуға, діни рәсім өткізу кезінде ҚМДБ-ға қарасты имам-молдалардың қызметіне ғана жүгінуді және бірлігіміз бен діни рәсімнің бірізділігі үшін осы Үндеуде айтылған мәселелерді амалға асыруға шақырамыз.
Мұратбек ЖАҢАБАЙ