АРЗАН ЕҢБЕК КҮШІ
Қазыналы өңір мигранттарды магнитше тартады. Алайда, олардың бәрі бірдей еліміздің заңдарын сақтамайтын болып тұр. Полицейлер шетелдіктер қоныстанған тұрғын-жайларды, сауда, көңіл көтеретін орындарды аралағанда осыған көз жеткізіпті.
— «Мигрант» жедел алдын алу іс-шарасының қорытындысы бойынша облыс көлемінде еліміздің көші-қон заңдылықтарын бұзудың 300-ге жуық дерегі анықталды. 33 шетелдікке қатысты жинақталған іс-құжат әкімшілік шара алу үшін қалалық мамандандырылған әкімшілік сотқа жолданды. Сонымен қатар, қазіргі күні жеті адам сот қаулысымен Қазақстан аумағынан шығарылды, — деді көші-қон полициясы басқарма бастығының орынбасары.
Көші-қон заңдылығын сақтамағаны үшін жауапқа тартылғандардың арасында төлқұжатсыз жүргендер де аз емес. Мұндайлардың саны 33-ке жетіпті. Брифинг қонағы еңбекші мигранттарды заңдастыру жұмыстары Атырау облысында жолға қойылғанын, былтыр тоғыз мыңнан астам адамның құжаты заңдастырылғанын айтты. Қазақ жеріне келушілердің дені – өзбек ұлтының өкілдері екен. Арзан еңбек күші де солар. Сонымен қатар, Ресей мен Беларуссиядан да біздің елге бет бұратындар бар, әйткенмен, олар көпшілік жағдайда жергілікті құрылымдардың арнайы шақыруымен жететін көрінеді.
Мемлекетіміз әлемдік тәжірибеге сәйкес, шетелдік арзан еңбек күшін тиімді пайдалануда. Алайда, мұндайлардың арасында арам ойлылар да табылады. Әсіресе, ұрлыққа бейім жандардың бар екендігін полицейлердің қолындағы деректер дәлелдегендей. Осылай десек те Болат Қабидоллаұлы соңғы кездері мигранттар жасаған қылмыстардың саны 4 пайызға азайғанын айтып отыр.
— Басты айтатын мәселе, күн жылына жұртшылық тұрғын үй салу секілді жұмыстарға кіріседі. Оның барысында тұрғындардың арзан еңбек күшін пайдалану заңдылығын сақтауын сұраймыз. Бұл түрлі келеңсіздіктердің туындамауы үшін қажет, — деді облыстық ішкі істер департаментінің көші-қон полициясы басқарма бастығының орынбасары Болат Досқалиев.
Азамат БАЗАРБАЕВ.